Жаңалықтар

ҰҚШҰ мүшелері арасында бірыңғай әуе қорғаныс жүйесі құрылды

Фото: kursiv.media

Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгудың мәлімдеуінше, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше-мемлекеттердің екіжақты келісімі негізінде бірыңғай әуе қорғаныс жүйесі құрылды.

«ТМД аумағында әуе қорғанысының бірыңғай жүйесі бар. ҰҚШҰ-да ол іс жүзінде екіжақты деңгейде құрылды. Бізде әр мемлекетпен келісім, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі бар», – деді Сергей Шойгу ресейлік журналист Павел Зарубинге берген сұхбатында.

Ресейдің Қорғаныс министрі келісім Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Беларусь мемлекеттерімен жасалғанын нақтылады. «ҰҚШҰ-ға мүше елдердің әуе қорғанысының бірыңғай жүйесі құрылды, қажет болған жағдайда жүйе құжат бойынша рәсімделеді», – деп түсіндірді Сергей Шойгу.

Ол ҰҚШҰ әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі жабдықталғанын және жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.

«Әрине ол жабдықталған және жұмыс істеп тұр. Біз оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз, оны ұрысқа сай жағдайда ұстаймыз», – деді Сергей Шойгу.

ҰҚШҰ сайтында ұйымның Ұжымдық жедел әрекет ету күштері, бітімгершілік күштері, сондай-ақ ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдарының өңірлік топтары бар екені жазылған. Сонымен қатар Ресей мен Беларусьтің бірлескен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі жұмыс істеп тұрғаны, Ресей-Армения аймақтық әуе қорғаныс жүйесі құрылып жатқаны жарияланған.

23 қарашада Минскіде ҰҚШҰ-ға мүше-мемлекеттердің президенттері Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысты. Халықаралық жиында бірлескен қорғаныс, қылмыспен күрес және қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

21 қарашада Ақорданың баспасөз қызметі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Минск қаласында өтетін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысатынын хабарлады.

22 қарашада Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян және Қорғаныс министрі Сурен Папикян 22 қарашада Минскіде ҰҚШҰ аясында өтетін отырысқа қатыспайтыны жарияланды.

Дәл осы күні ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров Қазақстанның ҰҚШҰ құрамында қалуы мен шығуына қатысты сұраққа жауап берді. Вице-министр Қазақстанға ұйымның сыртында қалғаннан гөрі, ішінде болған дұрыс екенін айтты.

20 қарашада ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы көмегінен бас тартқанын мәлімдеді.

Минскіде Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған ұйымға төніп тұрған қатерге қатысты мәлімдеме жасады. Кursiv.media президенттің позициясы мен айтқан сөзінің астарына үңілу үшін саясаттанушылардың пікірін жариялады.