Маңғыстау облысының әкімі «Оңтүстік Қаратұрындағы» өрт келесі айда толық сөндіріледі деп уәде берді
«Оңтүстік Қаратұрындағы» өрт келесі айда толық сөндіріледі, деп мәлімдеді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.Бұл туралы өңір басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде айтты.
9 маусымда Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі «Бозашы Мұнай» ЖШС «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнында 1088 метр тереңдіктен бұрғылау құралының көтерілуі салдарынан өрт тұтанғанын хабарлады.
14 маусымда Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай кен орнында тұтанған өрт 5 күннен бері сөндірілмегенін мәлімдеді.
Бес күн былай тұрсын, өрттің өшпей жатқанына 6 айдан асты. Осыған қатысты Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев: «Қаратұрын кен орнындағы апат әлі жойылған жоқ. Компанияның айтуынша, келесі айдың соңында өрт толығымен сөндіріледі. Ол үшін қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Қосымша ұңғымалар бұрғыланды, онда газдың қайдан келетінін анықтау үшін су мен басқа да реагенттерді беру мүмкіндігі жасалды», – деді.
Облыс әкімі Экология департаментінің зерттеу жүргізгенін, кен орнында метан концентрациясы көп екенін анықтағанын айтты.
«Өртті сөндіргеннен кейін барлық қажетті шаралар қабылданады. Экология департаменті Экологиялық кодекс аясында қажетті жұмыстарды жүргізеді. Барлық бағалау жұмыстары өрт сөндірілген соң басталады», – деді Н. Ноғаев.
4 тамызда Экология департаменті Маңғыстау облысындағы «Оңтүстік Қаратұрын» кен орындағы өрт тұрғындарға қауіпті емес екенін мәлімдеген.
7 тамызда «Бзачи-Нефть» ЖШС баспасөз қызметі «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнындағы апатқа қатысты хабарлама таратып, Бозашыда ауаға бөлініп жатқан метан емес, газ-су қоспасы екенін жариялады.
22 қыркүйекте ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті 3 ай бойы жанып жатқан «Оңтүстік Қаратұрын» кен орны бұрғыланып жатқаны жөнінде ақпарат таратты.