Freedom Broker қандай әлемдік компаниялардың акциясын сатып алуды ұсынады?
Фото: shutterstock
Дұрыс инвестициялай білудің ең тиімді бизнес екені баяғыда дәлелденген. Әрине, бізге инвестициялық мәдениет енді сіңіп жатыр. Мұндайда білікті сарапшылардың жол сілтеуі біршама маңызды әрі пайдалы. Freedom Broker қор нарығына шолу жасап, жаһандық биржадағы қай компаниялардың акциясын иелену ұтымды боларын талдаған. Бұл орайда компаниялардың әр саладан таңдап алынғанын да айта кету керек. Өйткені инвестициялау портфелін әртараптандыру өте маңызды.
Freedom Broker сарапшылары ұсынатын әдепкі ұжым – мыс өндіруші Freeport компаниясы. Компания кенді өндіруден бастап бастапқы металлдарды тазартуға дейін жұмыс істейді. Келешекте мысқа деген сұраныстың өсе беретінін ескерсек, онда компания құны да жоғарыламақ. Сарапшылар мысқа «келешектің металы» деген атау берген. Себебі ол электр сымдар жүйесі мен тұрмыстық техникадан бастап инфрақұрылымға дейінгінің бәрінде қолданылады.
«Freeport-тың жаңа кен орындарын ашу, қорларды немесе активтерді сатып алудың ағымдағы бағалауларын қайта қарау нәтижесінде өзінің резервтік базасын ұлғайта алуы толықтай ықтимал. Компания геологиялық барлау жұмыстарын жүргізеді және бұрғылау аяқталғаннан кейін активтер базасын жиі ұлғайтады. Сонымен қатар Grasberg кен орнындағы концессия бейорганикалық өсіммен мыс активтерін алу үшін көптеген пайдалы мүмкіндіктер ашады», дейді сарапшылар.
Бұл ретте олар компания акциясының нысаналы құнын 34 доллар деп, сатып алуды ұсынады.
Келесі – қытайлық техноалпауыт Baidu компаниясы. Baidu интернет-сектордағы қызметтерге және жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерге маманданған. Компанияның AI технологияларына назар аударуы оның орта мерзімді перспективадағы өсімінің драйвері болуы мүмкін.
«Baidu автономды жүргізу, чатботтар және бұлтты технологиялар сияқты салаларда ҚХР-да AI шешімдерін қолданудың көшбасшысы. Қазан айының соңында компания өзінің генеративті AI моделінің Ernie 4.0 жаңартылған нұсқасын ұсынды, сонымен бірге модель қазір әлемдегі ең жетілдірілген OpenAI-дің GPT-4 моделінің қазіргі нұсқасынан кем түспейді. Іздеу, карталар, деректермен алмасу, сондай-ақ бірлескен және деректерді талдау қызметтерін қоса алғанда, барлық Baidu өнімдеріне жасанды интеллект интеграциясы компанияға ескі клиенттерді ұстап қалуға және өз бизнесінің жаңа іргелес бағыттарын құру арқылы жаңаларын тартуға мүмкіндік береді. Қытай үкіметінің экономиканы ынталандыру шаралары да компания қағазына қолдау көрсете алады. Қазан айының соңында билік жариялаған шаралар ең алдымен Қытайдың инновациялық салаларын қолдауға бағытталған», делінеді шолуда.
BIDU акцияларының мақсатты бағасы – 155 доллар. Сатып алуды ұсынамыз дейді сарапшылар.
Үшіншісі – Schlumberger компаниясы. Мұнай сервисі саласының әлемдік көшбасшысы кен орындарының сипаттамаларын бағалау, ұңғымаларды бұрғылау, мұнай мен газ өндіруді қарқындату қызметтерін ұсынады. Компанияның бизнесі географиялық әртараптандырудың жоғары дәрежесіне ие. Компания кірісінің шамамен 20 пайызы – АҚШ-қа, Канада мен Қытайға 5 пайыздан келеді.
«Біздің ойымызша, SLB акциялары алдағы айларда бірнеше себептерге байланысты өсу әлеуетіне ие. Қаржылық нәтижелер өскен сайын акционерлерге төлемдер де ұлғаяды. Компанияның кірісі үшінші тоқсанда жылына 11 пайызға, 8 310 млн долларға дейін өсті. Үшінші тоқсандағы таза кірістің кірістілігі 13,5 пайызға жетті, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 12,1 пайызды құрады. SLB таза кірісі нарық күткеннен асып, бір жыл бұрынғы 907 млн доллармен салыстырғанда 1 123 млн доллар болды. Күшті нәтижелер компанияға акционерлерге төлемдерді көбейтуге мүмкіндік береді. 2022 жылы Schlumberger тоқсандық дивидендтің мөлшерін 40 пайызға арттырды, 2023 жылы өсім тағы 43 пайызды құрады», дейді сарапшылар.
Freedom Broker талдаушыларының болжамынша, 2023 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша компания дивидендті тағы 20 пайызға, бір акция құнын 0,3 долларға дейін арттыра алады, бұл баға белгілеулерге оң әсер етеді.
«АҚШ Энергетика министрлігінің болжамы қараша және желтоқсан айларында Штаттарда газ тұтынуды 19 және 17 пайызға, сәйкесінше тәулігіне 92 миллиард және 107 миллиард текше футқаарттыруды болжайды. Сауд Арабиясы мен Ресейдің 2023 жылдың соңына дейін тәулігіне 1 млн баррель және 0,3 миллион баррель көлемінде мұнай өндіру мен экспортты өз еркімен қысқартуды ұзарту туралы шешімі қыс мезгілінде мұнай нарығында тәулігіне 3 миллион баррель тапшылыққа әкелуі мүмкін. Бұл АҚШ-тың мұнай-газ секторы үшін тиімді», дейді.
Талдаушылар Schlumberger акцияларының мақсатты бағасы – 62 доллар дейді және сатып алуды ұсынады. Компания акциясының ағымдағы бағасы – 57 доллар және өсу әлеуеті 9 пайызды құрайды.
Сарапшылар ұсынатын тағы бір әлемдік ірі компания – Mastercard халықаралық төлем жүйесі. Төлем технологиясы сегментіндегі алпауыт саналатын компания үш брендпен жұмыс істейді: Mastercard, Maestro және Cirrus және әлемнің 210 елінде өкілдігі бар. Ірі коммерциялық банктер мен қаржы институттарына, мемлекеттік құрылымдарға, корпоративті клиенттер мен тұтынушыларға қызмет көрсетеді. Операциялық шығындардың ауқымы есебінен көрсетіп отырған тиімділігі компания жұмысын басқалармен салыстырғанда пайдалы ете түсті. Үшінші тоқсан қорытындысында EBITDA бойынша маржа 60,9 пайызды құрады. Бұл ретте индустриядағы медианды көрсеткіштің 41,6 пайыз екенін айта кетейік. Таза кіріс бойынша маржа 44,8 пайызға ұлғайған.
Сарапшылардың айтуынша, Mastercard бәсекеге қабілетті нарықта жұмыс істейді, бірақ географиялық әртараптандыру арқылы күшті позицияларды сақтайды. Өткен тоқсанда компания Үндістандағы Axis Bank және Латын Америкасындағы ең ірі инвестициялық банк BTG Pactual компаниясымен алғашқы келісімшартқа қол қойды, бұл тұтынушылар мен іскерлік клиенттерге көбірек қол жеткізуге ықпал етеді. Корпоративтік төлемдер сегментіндегі Citibank (C) компаниясымен жақында жасалған келісім 60 нарықты қамтиды, бұл B2B төлемдерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Alipay және WeChat Pay-мен ынтымақтастық Қытайдағы шетелдік туристер үшін төлемдерді жеңілдетуге бағытталған және елге туризмнің жандануынан пайда табуға жағдай жасайды.
«Mastercard акционерлерге капиталды тұрақты қайтару саясатын ұстанады. Төмен төлем коэффициенті 19,2 пайыз және бос ақша ағынының тұрақты өсуі соңғы 5 жылда дивидендтерді орта есеппен 18,18 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Ағымдағы buyback бағдарламасы бойынша қыркүйек айының соңындағы қалдық 4,5 млрд долларды құрады, бұл акцияларды сатып алуды келесі жылдың II тоқсанына дейін жалғастыруға мүмкіндік береді. Біздің базалық болжамымыз биылғы жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің оң серпінін және 2024 жылы өсімді қолдауды болжайды. Компания жоғары рентабельділік көрсеткіштерін сақтай алады. Менеджмент қаржылық тәртіпті ұстануды жалғастыруға және макро шарттардың өзгеруін ескере отырып, бірақ технологияға инвестицияларды сақтай отырып, келесі 6-12 ай ішінде шығындарды азайтуға ниетті. Біздің бағалауымыз бойынша, 2024 жылы Mastercard кірісті жылдық 12-13 пайызға арттыруға қабілетті. Жалпы, компания акциялары бизнестің әртараптандырылған географиясы, қаржыны цифрландыру тренді және кіріс құрылымындағы технологиялық бизнес сегментінің үлесін кеңейту арқылы ұзақ мерзімді өсу әлеуетін сақтайды», дейді Freedom Broker.
Сарапшылар болжамынша, MasterCard акцияларының мақсатты бағасы – 438 доллар және сатып алуды ұсынады.
Нарықта біраз жылдан бері беделін біркелкі сақтап келе жатқан Microsoft Corp. акциялары да сатып алуға тұрарлық деп бағаланады. Бағдарламалық жасақтама, бұлтты инфрақұрылым қызметтерін ұсыну, ойын және жарнама бизнесімен айналысатын американдық технологиялық компания соңғы жылдары бизнестің ойын бағытын дамытуға үлкен бәс тігуде. Microsoft өзінің Xbox ойын консолін шығарады, өзінің бұлтты ойын қызметі және көптеген ойын студиялары бар. 2021 жылы Microsoft ZeniMax (Bethesda) компаниясын 7,5 миллиард долларға сатып алды, ал осы жылдың қазан айында Activision Blizzard-ті сатып алуды 69 миллиард долларға сәтті аяқтады. Microsoft танымал ChatGPT чатботының артында тұрған OpenAI стартапының негізгі инвесторы болып саналады және олар бірлесіп AI-ді барлық Microsoft бағдарламалық өнімдеріне біріктіру арқылы одан әрі дамытуды көздеп отыр.
«Компания – ЖИ айналасындағы ағымдағы бумның негізін қалаушылардың және негізгі бенефициарларының бірі. Олар әркез бизнестің негізгі қолданыстағы сегменттерінде жетекші орын алады және жаңа перспективалық бағыттарды белсенді дамытады. Компанияның соңғы тоқсандық нәтижелері жасанды интеллектті енгізуден бірден пайда күткен тым оптимистік инвесторларды таң қалдырмады. Дегенмен осы тоқсанның өзінде компанияның негізгі нарықтарын қалпына келтіру, сондай-ақ жақын арада күшті қаржылық нәтижелер мен басқару болжамдарын күтуге мүмкіндік беретін жаңа AI өнімдерін монетизациялаудың белсенді кезеңі басталуы керек», дейді сарапшылар.
Әрине, мұндай позитивті көңіл-күй компанияның нарықтағы орнын нақтылай түседі және акциялар бағасын тәп-тәуір жоғарылатады. Бұл орайда белгіленіп отырған мақсатты баға – 380 доллар. Сарапшылар мұндай әжептәуір қымбат бағадағы, жоғары табыстылық әкелуі мүмкін акцияны сатып алуды ұсынады.