«Дипломмен – ауылға»: жалған құжат ұсынып, 30 млн теңге алған «мамандар» анықталды
Ақмола облысында 12 адам жалған диплом көмегімен «Дипломмен- ауылға» бағдарламасы бойынша 30 млн теңгеге жуық төлем алған. Бұл жайлы Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
2009 жылдан бастап жүргізіліп келе жатқан «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасымен ауылдық жерлерде еңбек етуге ниет білдірген мамандарға жеңілдікпен кредиттер беріліп, өтеусіз жәрдемақылар төленеді. Бірақ бұл жеңілдіктерді заңсыз пайдаланып жүргендер бар екен. Заңсыздықтарды облыс прокуратурасы бағдарлама шеңберінде әлеуметтік қолдауға қатысты заңнаманың сақталуына талдау жүргізу барысында анықтаған.
«Талдау нәтижесінде жалған дипломдардың көмегімен жеңілдіктер алған және шарттық міндеттемелерді бұзған адамдар анықталды. Мәселен, 2021ж. «К» жалған диплом бойынша Атбасар ауданының оқу орнында биология пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. 2022 жылы мүліктік игіліктер алу мақсатында, сол жалған дипломды пайдаланып, бағдарламаға қатысып, 4,9 млн теңге алған»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Заңды негізде құзыреттілігінің болмағанына қарамастан, азамат «К» 2 жыл бойы осы сала бойынша балаларды оқытқан.
Осындай схеманы білім беру саласындағы тағы 12 «маман» пайдаланғаны анықталған. Олардың мемлекетке келтірген залалы 30 млн теңгеден асады.
«Қазіргі таңда қылмыстық қудалау органдары тергеу іс-шараларын жүргізуде, ҚПК-тің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге де ақпарат жариялануға жатпайды»,- деп хабарлайды прокуратура.
Жалпы, «Дипломмен – ауылға» жобасы өз жұмысын бастағалы бері 38 мың қазақстандық бюджеттік несие алған. 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің шешімімен Отбасы банк «Дипломмен – ауылға» жобасының сенімді агенті болып тағайындалды.