Макрон сапарының сыры: Қазақстан Франциядан әскери ұшақ сатып ала ма?

Жарияланды
Қорғаныс министрлігі Қазақстанның Франциядан әскери ұшақ сатып алатыны жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды / Фото: kursiv.media

Францияның La tribune басылымы Қазақстан мен Өзбекстанның Dassault Aviation компаниясынан Dassault Rafale көпбағдарлы әскери ұшақтарын сатып алуы мүмкін деп жазады.

«Dassault Aviation осы екі Орталық Азия елдердің нарығын белсенді түрде зерттей бастады. Тіпті Өзбекстанға Dassault Rafale 24 әскери ұшағын сату мәселесіне қатысты талқылау басталып та кетті»,- деп жазды басылым.

La tribune бірнеше сенімді дереккөздеріне сүйеніп, Францияның Dassault Aviation компаниясының ұшақтарын сату үшін серіктестер Орта Азиядан іздестіріп жатқанын хабарлаған. Тіпті қарашаның басында Макронның бірінші Астанаға, кейін Өзбекстанға ресми сапармен келуін тікелей осы мәселемен байланысты деп топшылайды.

«Франция екіжақты қарым-қатынастарын тереңдетуді қалап, Орталық Азияның осы екі елін қарастырып жатыр. Эммануэль Макронның қарашаның 1-і мен 2-сі күндері Қазақстанға, одан кейін Өзбекстанға жасаған сапарының мәні де осында. Француз басшысының бұл қысқа сапары Францияға 2022 жылдың 21-22 қарашасында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің, сол жылы 29-30 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапарымен тығыз байланысты»,- жазады басылым.

Осыдан бір апта бұрын бұқаралық ақпарарт құралдарында Өзбекстанның Франциядан 24 көпбағдарлы әскери ұшақтарын алуға ниет білдіріп отырғаны туралы ақпарат тарады. Өзбекстандағы әріптестеріміздің хабарлауынша, бұл мәселе Макронның Өзбекстанға сапары барысында көтерілген. БАҚ-та француз тарапының Dassault Rafale орнына балама ретінде Dassault Mirage 2000 әскери ұшағын ұсынуы мүмкін екендігі айтылды.

Дегенмен, Өзбекстан әскери сарапшыларының пікірінше, Ташкенттің жақын арада бұл ұшақтарды сатып алуы екіталай. Өйткені Dassault Aviation алпауыт ұшақ өндіруші және қазіргі уақытта Катар, Хорватия және Индонезиядан көп тапсырыс алып қойған. Сонымен қатар, компания Сауд Арабиясы билігімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Сол себепті де Өзбекстанның мұндай ұшақтарға қол жеткізуі күрделі шаруа деп санайды сала мамандары.

Ал Қазақстан тарапына келер болсақ, француз басылымында тараған бұл ақпаратқа қатысты толық түсініктеме бермеді. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстанның Франциядан әскери ұшақ сатып алатыны туралы «ақпараттың шындыққа жанаспайтынын» хабарлады. Қазақстанның болашақта мұндай жоспары бар-жоғын біле алмадық. Баспасөз қызметінен бұл сауалымызға жауап келмеді.

Еске сала кетсек, Макрон өзінің ресми сапары барысында Қазақстан мен Франция арасында стратегиялық минералдар бойынша ынтымақтастық туралы келісімге келді. Атап айтқанда, «Қазатомөнеркәсіп» француздың Orano  компаниясынан уранды байыту технологиясын алуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз