S&P 500 индексіне қатысты жағымды болжам және мұнай нарығындағы жағдай, ал Tesla Швеция үкіметін сотқа берді

Жарияланды
S&P 500 индексіне қатысты болжам қандай? REUTERS/Brendan McDermid/File Photo

Deutsche Bank АҚШ-тың S&P 500 индексі 2024 жылы 12% өседі деген болжам жасап отыр. Сауд Арабиясы ОПЕК+ мүшелерін мұнай өндіру квотасын қысқартуға көндіруге тырысып жатыр, ал Үндістан ресейлік мұнайдың негізгі өңдеуші және Еуропаға дизель отынын жеткізушіге айналды. Осы және өзге де тақырыптарды 27 қарашаға арналған әлемдік БАҚ-қа шолудан оқыңыздар.

Deutsche Bank S&P 500-ге қатысты ең жоғары болжам жасады

Deutsche Bank америкалық S&P 500 индексі 2024 жылы 5100 тармаққа дейін немесе қазіргі деңгейінен 12% өседі деген болжам жасады. Market Watch-тың хабарлауынша, бұл – жарияланған болжамдардың ең жоғарғысы. Оған қоса стратегтер 2024 жылы индекс 6000 тармаққа жетуі мүмкін екенін, бірақ жыл соңына қарай 5300 тармаққа дейін төмендейтінін мойындайды.

Дегенмен, банк келер жылы АҚШ-та қалыпты, қысқа мерзімді рецессия орын алады деп күтеді. Осындай жағдайда 500 компанияның бір акцияға шаққандағы табысы орташа есеппен $250 болады. Алайда, егер ЖІӨ өсімі 2% болса, пайда 271 долларға дейін көтерілуі ықтимал.

Tesla компаниясы Швеция көлік агенттігін сотқа берді

Ірі автокөлік компаниясы Швеция үкіметі Tesla көліктеріне мемлекеттік нөмір жеткізуді шектеп отыр деген пікірде. BBC-дің хабарлауынша, сотқа арыз дүйсенбі күні түскен.

Швеция шенеуніктері мәлімдеменің өзімен әлі таныспағанын алға тартып, түсініктеме беруден бас тартқан. Бұл ретте Агенттік барлық міндеттемелерді орындайтынына сендіреді.

Сауд Арабиясы ОПЕК+ елдерін квотаны азайтуға көндіре алмай әлек

Эр-Рияд ОПЕК+ елдерінен мұнай өндіру квотасын қысқартуды сұрап отыр. Алайда ұйымның кейбір мүшелері қарсылық танытқан. Олардың арасында Ангола мен Нигерия да бар, деп жазады Bloomberg.

Мұнайға деген сұраныстың төмендеуіне байланысты соңғы екі айда қара алтын 17%-ға арзандады. 2024 жылдың басына қарай, Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша, мұнай бұрынғыдан да арзандап, нарықта артық ұсыныс пайда болады.

«Нәтижесінде ОПЕК+ тағы да өндірісті қақартуға мәжбүр болуы мүмкін», – деді Eurasia Group сарапшылары өз баяндамасында.

Олардың пікірінше, егер картель тәулігіне 1 миллион баррель мұнай нарықтан алып тастауға келіспесе, баға барреліне 70 долларға дейін төмендейді. Яғни, бағаны ұстап тұру үшін қазіргі ОПЕК+ шектеулері (ОПЕК-тен минус 1 млн баррель және Ресейден минус 300 мың баррель) 2024 жылға дейін сақталуы керек.

Алайда бұған қол жеткізу қиын, өйткені Ирак, Ресей және Қазақстан квоталарын арттырғандықтан, Африка елдері енді өндірісті одан әрі қысқарта алмайды. Ұйымның негізгі мүшесі БАӘ-нің ұстанымы да түсініксіз. 2023 жылдың қаңтарынан бастап бұл ел нарыққа 200 мың баррель мұнай шығаруға рұқсат алды.

Еуропа әлі күнге дейін Ресейден шыққан көмірсутекті тұтынады

Қазір ресейлік мұнайдан жасалған дизель отыны Үндістан арқылы жеткізіліп жатыр, деп хабарлайды Bloomberg. Бұл ел ресейлік мұнайды негізгі сатып алушыға айналды. Импорт 2017 жылдан бері ең жоғары деңгейге жеткен. Сонымен қатар, санкцияларға байланысты Ресеймен мұнай ынтымақтастығынан бас тартқан Еуропа әлі де отынға мұқтаж және оны Ресей мұнайынан өндіретін Үндістаннан сатып алуға мәжбүр.

Осылайша, Мумбайдағы Nayara Energy Ltd. биыл мұнайдың 60 пайызға жуығын Ресейден сатып алды. Үндістанның тағы бір дизель жеткізушісі – Reliance Industries Ltd. – өзіне керк мұнайдың үштен бірін Ресей Федерациясынан сатып алады. Үндістан Азия нарығына жанармай жеткізуді қысқартып, оны Еуропаға бағыттады. Былтыр үндістер Азия нарығының 33 пайызын иеленсе, биыл 19 пайын ғана қамтыған. Қалғаны ЕО-ға кетіп жатыр және қазірдің өзінде тәулігіне 935 мың баррельді құрайды.

Үндістан мұнайды Ресейден арзан бағаға сатып алып, оны өңдеп, өңделген өнімді нарықтық бағамен сатады.

Үндістан экономикасы жылдам дамып келе жатыр

Үндістанның экономикалық өсімі баяулағанымен, ірі экономикалар арасындағы ең күштісі болып қала береді, деп хабарлады Рейтер агенттігі. 55 экономист Үндістанның ІЖӨ үшінші тоқсанда 6,8% өседі деп болжайды.

Елдегі ЖІӨ өсімінің 60%-ға жуығы тұтынушылық сұраныстан келеді, бірақ ол негізінен қала тұрғындарының есебінен өсіп жатыр. Алайда экономистер ауыл мен қала және тауар мен қызмет арасындағы сұраныс алшақтығы азаяды деп күтеді.

Үндістан үкіметі ЖІӨ деректерін бейсенбіде жариялайды.

Қысқа-нұсқа

  • Ай соңына қарай Қытайдың ақша нарығында өтімділік жетіспейтіні байқалып жатыр. Дүйсенбіде банкаралық нарықта сатылған эталондық РЕПО бағасы 2,8% жоғары болды. Бұл – 31 қазаннан бергі ең жоғары көрсеткіш.
  • Қазан айында АҚШ-та жаңа ғимараттарды сату 5,6%-ға төмендеді.
  • Алтынның бағасы бір унция үшін 2000 доллардан асты және соңғы 6 айдағы ең жоғары деңгейге жетті.
Сондай-ақ оқыңыз