«Қазақстан инжиниринг» өз активтерін сатудан түскен қаржыны Ұлттық қорға аударудан босатылмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

Қазақстанның қорғаныс саласындағы тапсырысын орындайтын «Қазақстан инжиниринг» компаниясы өз меншігіндегі 3 компанияны сатудан түскен қаржыны Ұлттық қорға аударудан босатылмақ. Бұл қаражат компанияның ішкі қарызын жабуға жұмсалады.

Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының 20 қазандағы хаттамасында «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы меншігіндегі активтерді сатудан түскен қаражатты Ұлтты қорға аударудан босатылатыны жазылған. Аталмыш құжат Ашық НҚА порталында орналастырылған.

Бұған дейін компания «Тыныстың» 100% акциясын 5,04 млрд теңгеге, «Мұнаймаштың» 23,65% акциясын 232 млн теңгеге және «ҚИ 811 автожөндеу зауытының» 100% акциясын 288,6 млн теңгеге сатқан. Сондай-ақ компанияға осы активтерді сатудан түсетін қаражат көлемін түзету ұсынылған.

Дегенмен «Қазақстан инжинирингтің» сайтында аталған кәсіпорындар еншілес ұйымдары ретінде көрсетіліп тұр.

«Қазақстан инжинирингтің» қарызы қанша?

Қазақстан инжинирингтің 2022 жылға арналған қаржы есебіне сәйкес, міндеттемелері 78,5 млрд теңгені құрады. Былтыр жыл соңында алынған несие 25,3 млрд теңгеге тең. 2022 жылдың желтоқсанында компания қосымша келісімге қол қойған, соған сәйкес 2023 жылы 22,1 млрд теңге, 2024 жылы тағы 2,8 млрд теңге төлеуі тиіс. Компанияның 2022 жылға арналған жылдық есебінде Халық банкі алдындағы қарыз 3,7 млрд теңгеге, «Самұрық-Қазынаға» берешегі 0,9 млрд теңгеге қысқартылғаны айтылған.

«Компания табысты және қаржылай тұрақты, өзінің бүкіл міндеттемелерін орындап, 4500-ден астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді және ESG қағидаттарына сәйкес келеді. Ел бюджетіне 14 миллиард теңгеден астам салық түсті», – делінген құжатта.

Кейбір еншілес компаниялардың қарызы көп және табыс әкелмейтініне қарамастан, соңғы үш жылда таза кіріс динамикасы оң, Таза табыс 464 миллион теңгеден (2020 ж.) 5,1 миллиард теңгеге (2022 ж.) немесе 10 есе өскен.

2022 жылы активтер 128,4 млрд теңгені құрады, сауда және басқа дебиторлық берешек 2021 жылмен салыстырғанда 2,6 есе – 747,2 млн теңгеден 281,8 млн теңгеге азайды. 2021 жылы «Мұнаймаштың» үлесін сату, сондай-ақ берілген аванстардың азаюы нәтижесінде 2020 жылмен салыстырғанда активтері 10%-ға қысқарды.

Компания қандай активтерін сатты?

«Қазақстан Инжиниринг» «Тыныс» компаниясының 100 пайы акциясын 2023 жылдың мамыр айында қазақстандық Әміржанов Жұмабай Қабенұлына сатты. Оның Instagram желісінде Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек Ардагері» медалінің иегері екені жазылған.

«Тыныс» компаниясы – авиациялық бұйымдардың 62 атауын шығаратын кәсіпорын.

«Тыныс» АҚ – азаматтық және қосарлы мақсаттағы өнімдерді шығаруда көп жылдық тәжірибесі бар, әртараптандырылған, дамып келе жатқан кәсіпорын. «Тыныс» АҚ әскери зауыт емес, негізгі қызметі азаматтық өнім шығаруға бағытталған», – делінген компания хабарламасында.

Шілде айында Украина президенті Владимир Зеленский 192 жеке тұлғаға және 291 заңды тұлғаға 5-10 жылға санкция қолдану туралы жарлыққа қол қойды. Санкция салынған компаниялар тізімінде екі қазақстандық компания бар. Біріншісі «ИТС-Астана» ЖШС болса, екіншісі «Қазақстан инжиниринг» әскери-өнеркәсіп кешенінің бұрынғы еншілес компаниясы – «Тыныс» АҚ.

«Мұнаймаш» – 1941 жылы қарашада Таганрог қаласынан эвакуацияланған «Красная гидропресс» зауытының негізінде құрылған Солтүстік Қазақстандағы ең көне кәсіпорындардың бірі. Батыс Қазақстан кен орындарында мұнай өндіруде қолданылатын ұңғы соратын штанга сорғыларын, сонымен қатар оларға қосымша қосалқы құрылғыларды жасауға маманданған. Қазақстан инжинирингтің 2021 жылға арналған жиынтық есебінде топ маусым айында «Мұнаймаштағы» 52,04 пайыз акциясының 30 пайызын ашық электронды саудада 455,2 миллион теңгеге сатқаны жазылған.

Ал « ҚИ 811 автожөндеу зауыты» 1976 жылы КСРО Түркістан және Батыс Сібір әскери округтеріндегі автомобиль техникасын күрделі және реттелген жөндеу қамтамасыз ету үшін құрылған. Компанияның веб-сайтында оның жүк көліктерін, шынжыр табанды көліктер және оларға арналған агрегаттарды күрделі жөндеуге маманданғандығы және осы жұмыс түрлеріне еліміздің құқық қорғау органдарының мемлекеттік тапсырысты орындауда отыз жылдан астам тәжірибесі бар екені айтылған. 1991 жылы кәсіпорын Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери жөндеу зауыттарының құрамына енді.

2003 жылдың наурыз айында зауыт «ҚИ 811 автожөндеу зауыты» болып қайта құрылып, «Қазақстан инжинирингтің» құрамына кірді. 2020 жылы Үкіметтің «2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кейбір мәселелері туралы» қаулысы шықты. Құжатқа сәйкес, зауытты бәсекелес ортаға беру көзделген болатын.

2021 жылдың соңында ұлттық компания зауытты бастапқы бағасы 1,2 млрд теңгемен аукционға қойды. Қараша айында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында «геосаяси жағдайға және қорғаныс кәсіпорындарын кластерлеу және елдің әскери қауіпсіздігін сақтау саясатына» байланысты компанияның төрт кәсіпорны жекешелендіру жоспарынан алынып тасталғаны оның ішінде «ҚИ 811 автомобиль жөндеу зауыты» бар екені» жазылған.

«Қазақстан инжиниринг» үкіметінің қаулысымен 2003 жылы наурызда құрылған. Топтың жалғыз акционері және түпкілікті бақылаушы тарапы – Қазақстан үкіметі. 2021 жылы компания кірісінің 76% (2020: 80%) мемлекеттік қорғаныс келісімшарттарынан түскен.

Сондай-ақ оқыңыз