Алматылықтарға жыл соңына дейін жұмыс істемейтін ЖК жабуға кеңес берілді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Алматылықтарға жыл соңына дейін жұмыс істемейтін ЖК жабуға кеңес берілді / Коллаж kursiv.media

Алматылық кәсіпкерлерге жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңіне түспеу үшін жұмыс істемейтін Жеке кәсіпкерлікті жабу ұсынылды. 

Жұмыс істемейтін Жеке кәсіпкерлік пен заңды тұлғаларға ЖК немесе заңды тұлға статусын алып тастау үшін Алматы қаласының мемлекеттік кірістер басқармасына жүгінуге кеңес берілді.Жалпыға бірдей декларация тапсыру аясында ЖК мен заңды тұлғалар декларациясын қарау 2024 жылы жүргізіледі. 

«Жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға өз қызметін жүргізбейтін болса да, декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындайды. Егер олар жеке кәсіпкерлік пен заңды тұлға статусын алып тастаса, жеке тұлға ретінде Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне төртінші кезеңде кіреді. Жеке тұлға ретінде есеп беру 2025 жылы ғана тапсыра бастайды», – деді Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Заңғар Шындали.

Сонымен қатар, ол қала тұрғындарын 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін борыш міндеттемелерін нотариустан растауға шақырды.

Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі 2021 жылдың 1 қаңтарда іске қосылды. Алғашқы болып мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруы керек болған.  

2023 жылдан бастап мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік ұйымдар қызметкерлері және олардың жұбайлары 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі ақпарат көрсетілген декларацияны жариялауы керек болған.

2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары тапсыруы керек.

2025 жылдан бастап кәмелеттік жасқа толған барлық қазақстандықтар тапсыруы керек.

Осыған дейін декларация тапсыру алдында қандай ақпаратты білу керек екенін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз