Қазақстанда шетелдіктерге ЖСН беру тәртібі қатаяды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қазақстанда уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға жеке сәйкестендіру нөмірін беру және ЖСН-ге өзгеріс енгізу тәртібіне түзету енгізіледі.
Мемлекеттік қызмет көрсету қағидасына қатысты құжат «Ашық НҚА» порталына орналастырылды.

Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру «Азаматтарға арналған үкімет Мемлекеттік корпорациясы» арқылы жүзеге асырылады. Өтініш иелеріне ҚР аумақтық полиция органдары қызмет көрсетеді.

Мемлекеттік қызмет көрсету ұзақтығының мерзімі құжаттар топтамасын Мемлекеттік корпорацияға тапсырған күннен бастап – 1 жұмыс күнін құрайды. Өтініш иесі Мемлекеттік корпорацияға жүгінген күн мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді. Құжат топтамасы толық болмаса немесе қолдану мерзімі өткен құжат ұсынылса, өтініш қабылданбайды. Бұл туралы өтініш иесіне мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылғаны жөнінде қолхат беріледі.

Мемлекеттік корпорацияға құжаттар топтамасын тапсыру үшін күтудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты –15 минут. Ал Мемлекеттік корпорацияда қызмет алудың ең ұзақ уақыты – 20 минут.

Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны қағаз түрінде болады. Оның нәтижесі тіркеу куәлігін беру немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді түрде бас тарту болып саналады. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.

Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар қызмет көрсетушіге ЖСН алу бойынша жүгінген кезде өтініш беруге және жеке басты куәландыратын құжаттың немесе төлқұжаттың электронды көшермесін ұсынуға тиіс.

«Егер шетелдіктің жеке басты куәландыратын құжатында кириллицада немесе латынша нақтылау деректері (тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), туған жері және т.б.) болмаған жағдайда, құжаттың аудармасының тиісінше нотариалды куәландырылған көшірмесін қоса беру қажет», – деп жазылған құжатта

ЖСН беру бойынша мемлекеттік қызмет ұсынылғанда «Бүркіт» БАЖ-мен интеграциялау арқылы ХҚКО БАЖ-ға шетелдіктің және азаматтығы жоқ адамның төлқұжат нөмірі автоматты түрде енгізіледі. Шетелдік туралы анықталған деректер толтырылады, сондай-ақ оның Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өту фактісі тексеріледі.

Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін қызметке ЖСН-ді түзету бойынша жүгінген кезде де жоғарыдағы талап орындалуға тиіс.

«Ұсынылған құжаттардың немесе олардағы деректің шынайы еместігі нақтыланса, ЖСН түзету жағдайын қоспағанда бұрын тіркелген ЖСН анықталса, ЖСН алу үшін көрсетілетін мемлекеттік қызметке жүгіну кезінде қызмет алушы Қазақстан Республикасынан тыс жерде болса, мемлекеттік қызмет көрсетілмейді», – делінген «Ашық НҚА» порталына орналастырылған құжатта

Сондай-ақ оқыңыз