Жаңалықтар

Қазақтанда қызылша індетінің өршуіне байланысты карантин жариялана ма – Денсаулық министрлігі жауап берді

Елімізде қызылша індетіне байланысты 3,5 мың орын дайындалған / Фото: коллаж kursiv.media

Қазақстанда қызылша індетіне байланысты карантин жариялана ма? Елімізде қызылшаның алдын алу үшін қандай шаралар жүзеге асырылатыны туралы Денсаулық сақтау министрлігі түсіндіріп берді.

Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметованың айтуынша қызылшаға байланысты еліміз бойынша ауруханаларда 3,5 мың орын дайындалған. Бүгінде оның 60 пайызында науқастар емделіп жатыр.

«Республика бойынша қызылшамен ауыратындарға арналған 3,5 мың төсек бар. Бүгінде олардың 59,5 пайызы қамтылған. Бұл 5375 адам. Реанимацияда 30 бала болса, оның 15-і бір жасқа дейінгі балалар. Яғни 15 баланың жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр»,- дейді Ахметова.

Сонымен бірге екпе алмаған балаларды балабақшаға жіберілмейтіні жайлы, карантин жарияланатыны туралы ақпарат тарады. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Нұрқан Олжабаев бұл ақапараттың шыныққа жанаспайтынын, ондай шектеулер қою үшін арнайы министрліктен қаулы жариялануы керектігін айтты:

«Мұндай жағдайда Денсаулық сақтау министрлігі бас санитарлық дәрігер арнайы қаулы шығаруы керек. Қандай да бір шектеулер туралы қаулы шыққан жоқ. 2020 жылы «Халық денсаулығы туралы» кодекс жарияланған. Сондағы ережеге сәйкес, балабақшадағы бір топта екпе алмаған балалардың үлесі 10 пайыздан аспауы керек. Сол кезден бері ол ережелер өзгермеді»,- деп жауап берді.

Еске сала кетсек, соңғы бірнеше айда еімізде қызылша ауруы өршіді. Сол үшін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният көпшілікті екпе алуға шақырды.

«Бүгінгі таңда қызылша вирусының өзіне тән емі жоқ, сондықтан мұндай қауіпті инфекциядан құтылудың жалғыз жолы екпе егу болып отыр. Вакцинаның өзінен қорықпау керек, ол тексерілген. Біз оны жыл сайын ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қолданамыз. Вакциналау мәртебесі жоқ балаларға, инфекция ошақтарында болған ересектерге екпе егеміз. Баршаңызды аурудан сақтану үшін емханаға шақырамыз», — деді Ажар Ғиният.

Иммундау мақсатында Алматыға қосымша жаппай иммундау жүргізу үшін 500 мың доза мөлшерінде қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцина (ҚҚП) партиясы келді.

Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша Шымкент, Алматы, Алматы және Жамбыл облыстарында жағдай күрделі. Ол жұқпалы аурудың бұл өңірлерде кең тарауының себебін халықтың тығыз орналасуымен түсіндірді.