Жаңалықтар

Үкімет қаулысы: Шымкент әуежайы жекешелендірілмейді

Шымкент әуежайы жекешелендіру жоспарынан алынып тасталды / Фото: kursiv.media

«Шымкент әуежайы» АҚ жекешелендірілмейді. Компанияны 2021-2025 жылдарға арналған жекешеліндіру жоспарынан алып тастау жөніндегі қаулы «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылды.

Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының 2023 жылғы 20 қазандағы № 12-03/07-1327 хаттамасына сәйкес, «Шымкент әуежайы» АҚ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысымен бекітілген Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарынан алынып тасталады.

«Ұлттық экономика министрлігі Шымкент қаласының әкімдігімен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен «2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы No 908 қаулысына тиісті өзгерістер енгізуді қамтамасыз етсін», – делінген үкімет құжатында.

Құжат 12 желттоқсанға дейін талқылауда болып, ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Еске сала кетсек, осыған дейін «AMANAT» партиясы мен «Халық» партиясының депутаттары Шымкент қаласы әуежайына іргелес аумақтарда орналасқан тұрғындардың мәселесін көтеріп, премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдаған болатын. Олар әуежай маңындағы мемлекет меншігіне өтетін жерлерде орналасқан 128 үйдің құжаты бар, ал қалған 51 үйдің заңдастырылмағанын айиқан. Осыған байланысты жер учаскесін иелену туралы мемлекеттік актісі жоқ үйлердің құжатын рәсімдеуді сұраған.

Алайда Дүйсенова істің сот шешімімен жүретінін, Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес, әуежай маңындағы жерлер мемлекет мұқтажына қайтарылатынын айтты.