Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты» және «экстремизмді қаржыландырды» деп айыпталған белсенді Марат Жыланбаевқа қатысты үкім шығарды.
Соттың таратқан ақпаратына сәйкес, «Жыланбаев Қазақстан аумағында тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» экстремистік ұйымының (ҚДТ – ред.) жақтаушысы бола отырып, ҚДТ көшбасшысымен және оның шетелдік штабымен байланыста болып, олардан Қазақстан Республикасының Конституциялық құрылымын күштеп өзгерту мақсатын көздейтін тапсырмалар мен нұсқаулар алған.
“Жыланбаев шетелде жасырынып жүрген «ҚДТ» штабының үйлестірушісімен алдын ала сөз байласып, экстремистік қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатынын біле тұра, қаржылық, ақпараттық және өзге де қызметтерді ұйымдастырған», – делінген Астана сот баспасөз қызметінде.
Қорғаушы тарап сотталушыны оның әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұраған.
Сонымен қоса сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен толық дәлелденгені айтылады.
«Сот үкімімен Жыланбаев Қылмыстық кодекстің 258-бабы 2-бөлігінде және 405-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды және қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, қоғамдық-саяси қызметпен, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация желілерін пайдалану құқығынан 3 жыл мерзімге айырылды», – дейді сот.
Сот жас баланың болуын және сотталушының бұрын-соңды сотталмағанын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныған.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Марат Жыланбаев – 1963 жылы 19 тамызда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген. 1990 жылдары Қарақұм, Сахара, Үлкен Виктория және Невада сияқты ең үлкен шөлдерді басып өткен әлемдегі жалғыз марафоншы. Гиннестің рекордтар кітабына жеті рет енген