Олжас Жиенқұл, Investbanq негізін қалаушы: Болашақта ақша қазіргі ақшаға қарағанда тартымды бола бастайды

Жарияланды
Фото: Олжас Жиенқұл Жеке мұрағаты

Олжас Жиенқұл — Сингапурде инвестициялық компаниясын ашып қана қоймай, жобасын сәтті іске асырып жатқан кәсіпкер. Ол — Investbanq-тің CEO-cы және негізін қалаған. Шыны керек, мұндай деңгей отандық IT-де жиі кездесе бермейді. Сонымен қатар, Олжас Forbes-тің 30 жасқа дейінгілерді қамтитын 30 үздігінің қатарына кірген. Брокерлік және консалтиң компанияларды істеген талай жылдық тәжірибесі бар Олжаспен дижитал инвестициялық банкиң және қазақстандық стартаптардың әлеуеті туралы сөйлестік.

–  Дижитал инвестициялық банкиң жүйесін бір жолға қою үшін жұмыс істеп жатқаныңызды білеміз. Бұл саланың жұмыс принципімен мүлдем таныс емес адамдарға немен айналысатыңызды түсіндіре кетсек.

 – Дижитал инвестициялық банктің негізгі идеясы – клиенттерге қаржы құралдарының барлық түріне икемді, жылдам және ыңғайлы қол жеткізуге мүмкіндік беру. Оның ішіне биржалық саудадағы құралдар мен жеке қорлардан бастап, листингтік активтер, жеке капитал және венчурлық инвестициялар, сондай-ақ банктің өзі де, оның серіктестері де, жаһандық көшбасшылар мен бәсекелестер өнімдеріне дейін кіреді. Қазір әр клиентіміздің бірнеше аккаунты бар. Өйткені әзірге құралдың бәрі жинақталған бірыңғай платформа жоқ. Дегенмен, біз барлық транзакция орындалатын бір есеп жазба жасау бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл клиентке ыңғайлы, сонымен қатар бірқатар артықшылыққа жол ашады. Мысалы портфолио аналитикасын бірнеше жүйеден қолмен жинаудың орнына автоматтандыру мүмкіндігі беріледі. Ол сондай-ақ, тереңірек портфолио анализі үшін қажет деректерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Жалпы алғанда дижитал банкиң концепциясы клиентке өз активтерін толық бақылауға мүмкіндік беретін «бір терезе» идеясын қамтиды. Барлық шот бір орталықтан басқарылады. Ал ол болса, клиенттерге ыңғайлы әрі бәрі айқын көрініп тұрады. Егер көмек қажет болса, клиент робот-кеңесшіден немесе тікелей эфирдегі маманнан сұрай алады. Сонымен қатар, клиенттердің активтерін сенімгерлік басқарудың функционал мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылады. Яғни өсімін ұлғату үшін инвестициялық басқару қызметі көрсетіледі деген сөз. Мұндай дижитал платформа жеке банк секторынан шығып кеткен немесе дәстүрлі швейцариялық банктердің бұрынғы платформаларымен әрекеттесуге дайын емес инвесторларға бағытталған. Осылайша, біз Investbanq-та дижитал технологияның артықшылықтарын жоғары деңгейдегі қызмет көрсетумен үйлестіре отырып, қаржылық және инвестициялық басқарудың заманауи және тиімді шешімін ұсынуға ұмтыламыз.

–  Investbanq-ті super app ету идеяңыз жайлы бір сұхбатыңызда атап өттіңіз. Қалай елестетесіз? Бүгінде қандай қадамдар жасалып жатыр?

–  Жоғарыда айтқанымдай, Investbanq клиенттерге акцияларды, облигацияларды, қорларды және венчурлық инвестицияларды қамтитын әртүрлі инвестициялық ландшафтқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Дегенмен, біз инвестициялық мүмкіндіктермен шектеліп қалмаймыз. Болашақта қызмет ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта Investbanq клиенттерге платформа арқылы жылжымайтын мүлік операцияларын жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа функцияларды енгізу бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұған нарықтағы инновациялық өнім — цифрлық шаршы метрлерді сатып алу мүмкіндігі кіреді. Бұл — серіктестермен бірлесіп жасалған бірегей өнім. Алдағы уақытта біз жеке капитал мен венчурлық операцияларды қамтитын жабық нарыққа қолжетімдікті қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге Investbanq-те дамудың бастапқы кезеңдерінде жоғары сапалы жобаларға инвестициялауға мүмкіндік беретін жаңа венчурлық қор ашу бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Investbanq-тың негізгі мақсаты – инвесторларға тиімді шешімдер қабылдауға және сапалы инвестиция жасауға мүмкіндік беру. Бұл тәуекелдерді басқаруды және портфельді әртараптандыруды жақсартуды қамтиды. Қазіргі уақытта өнім өз тұтынушылары үшін жабық бета тестілеуде өтіп жатыр. Ендігі жоспарлар ішінде келесі жылдың басында барлық тұтынушыға қолдана алатындай мүмкіндік беру бар.

–  Сингапур нарығы жайлы жақсы білесіз. Қазақстан мен ол жақтағы IT-нарықты салыстырсақ. Қандай айырмашылық бар? Не үйренуіміз керек?

–  Сингапурдың IT нарығы шын мәнінде айтарлықтай дамыған, бірақ қаржы нарығы дамыған деп айта алмаймын. Оның басты артықшылығы сол – мұнда IT гиганттар бар. Бұл мамандарға үлкен мүмкіндіктер береді. Сингапурда IT саласында сапалы білім беретін университеттер бар. Мысалы, Сингапур Ұлттық университеті мен Наньян технологиялық университетінде (NTU) жақсы бағдарламалар бар. NTU АҚШ-тағы ең үздік университеттердің бірі саналатын Карнеги Меллон университетімен бірлескен бағдарламаға ие. Енді бізге Google сияқты әлемдік алпауыттардың бас кеңсесінің біздің республикада болғанын қалайтындай жағдай жасау керек. Елімізде жақсы мамандар оқып шығады. Бірақ университеттерімізді өңірлік деңгейге дейін дамытып, сосын Батыс университеттерімен келісім-шарттар мен келісімдер жасассақ, жақсы болар еді. Бұл — менің Қазақстанда көргім келетін істердің бірі. Сингапур жоғары дамыған және бай мемлекет, ал Қазақстан әлі де табиғи ресурстарға тәуелдіктен өтіп жатыр. Екі елде де IT секторына мемлекеттік қолдау көрсетіледі, бірақ бастамалардың ауқымы мен бағыты әртүрлі болуы мүмкін.

–  Биыл жасанды интеллект арқылы жасалатын жобалар тақырыбы өте өзекті болып отыр. Қазақстандық жобалар жайлы ойыңызды білсек. Көңіліңіз тола ма? Не жетіспейді?

–  Расында биыл жасанды интеллект көмегімен жүзеге асырылатын жобалар тақырыбы өте өзекті болды. Қазақстанда жоғары сапалы ІТ-жоба өте көп. Өз басым бұл жобалардың сапасы артып келе жатқанына қуаныштымын. Бірақ жасанды интеллект қолданатын жақсы жобалар көп емес. Мысалы Cerebra туралы атап өткім келеді. Бұл — ишемиялық және геморрагиялық инсульттің автоматтандырылған диагностикасы жасалатын нейрорадиология саласындағы жасанды интеллект жобасы. Көңілімнен шығады.

–  Отандық стартаптарға қай бағытта даму керек деп ойлайсыз?

–  Қазақстан мен Орталық Азия тұтастай алғанда жаһандық венчурлық экожүйенің бір бөлігі саналады әрі оның қазіргі уақытта үлкен проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын ұмытпаған жөн. Инфляция өсті, сәйкесінше дисконттау мөлшерлемелері де өседі. Ал болашақта ақша қазіргі ақшаға қарағанда тартымды бола бастайды. Инфляцияның өсуіне байланысты талаптар мен ұзақ мерзімді монетизациясы бар жобаларға қойылатын талаптар да айтарлықтай қатал болды. Енді ұзақ мерзімді монетизациясы бар жобалар саласында фаундер болмас бұрын, бірнеше есе салмақ түсірген жөн. Сіз өз идеяларыңызға берік болуыңыз керек. Геосаяси жағдай күрделі, оны міндетті түрде ескерген жөн. Бірақ егер сіз өз идеяңызға сенімді болсаңыз, сізді ештеңе тоқтатпауы керек. Мәселен мені тоқтатқан жоқ, өйткені ұзақ мерзімді трендтер бар.

–  Барлығына дерлік қызық сұрақ: алғашқы қазақстандық юникорнды қашан көреміз? Ойыңыз қандай?

–  Бірінші қазақстандық юникорн қазірдің өзінде пайда болды, өйткені технологиялық компанияның анықтамасы бойынша ол — миллиард долларға бағаланған компания. Бұл Kaspi екені белгілі. Елімізде неғұрлым юникорн көп болса, соғұрлым жақсы. Қазақстандық фаундер болу оңай емес, бәрі сізге күмәнмен қарайды. Сондықтан нарықтағы юникорн көп болған сайын, бізге олардың тарихын айту оңайырақ. Менің ойымша, келесі юникорн алдағы 8-10 жылда пайда болады. Өйткені түрлі зерттеулерге сәйкес, компания құрылған сәттен бастап Unicorn атануға дейінгі орташа кезең 8 жыл екен. Юникорн болуға мүмкіндігі бар жоба қазірдің өзінде дүниеге келген және сәйкесінше, мақсатына жету үшін осы уақыт аралығы қажет.

–   2023 жыл аяқталып қалды. Биылға қойылған мақсаттар қаншалықты орындалды? Қазіргі атқарылып жатқан шаруаларға шағын шолу жасап шықсаңыз. Қаншалықты қалаған межеге жете алдыңыздар?

–  Бұл жыл Investbanq үшін өте қарқынды болды. Жыл басында  біз Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) StarVentures бағдарламасының флагмандық жобаларының бірі ретінде танылдық. Бұл біздің жетістіктеріміздің жоғары деңгейін және инновациялық жобаларды дамытуға қосқан үлесімізді растайды деп айта аламын. Одан қала берді, халықаралық нарық мамандарынан тұратын консультативтік кеңес құрдық. Кеңесшілеріміздің қатарында 5 юникорн стартап инвестициялау тәжірибесі бар кәсіби венчурлық капиталист Дэвид Халперт және Fintopia Индонезия табысты юникорн стартапының бас директоры доктор Джонатан Чанг сияқты танымал тұлғалар бар.Бұл бізге стратегиялық көшбасшылықтың жоғары деңгейін және жобаларымызды әзірлеуде халықаралық тәжірибені қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, маусым айында Investbanq Орталық Азиядағы ең ірі венчурлық форум – Central Eurasia Venture Forum 2023-ті бірлесіп ұйымдастырды. Форум өңірдегі инновацияны дамытуға біздің ұмтылысымызды сәтті көрсеткен маңызды оқиға болды. Соның арқасында венчурлық қоғамдастықты жеңілдетудегі рөлімізді нығайтуға және болашақ жобалар үшін серіктестік орнатуға мүмкіндік ала алдық. Тағы бір атап өткім келетіні — біз Қазақстан мен Сингапурдағы екі ірі қаржы институтымен брендиң шарттары бойынша екі қанатқақты жоба келісіміне (POC) қол қойдық. Бұл стратегиялық серіктестіктер біздің жаһандық кеңею мен ынтымақтастыққа деген адалдығымызды көрсетеді. Осы жылдың ең басты жетістігі – өніміміздің сәтті шығып, оның Қазақстан нарығына ғана емес, Дубай мен Сингапурға да шығуын айтуға болатын шығар. Бұл қадам бізге жаһандық көріністі кеңейтуге және инновациялық шешімдерімізге назар аударуға мүмкіндік берді. Жолымызда біз үнемі қиындықтар мен кедергілерге кезігеміз. Бұл — заңдылық. Әйтсе де, мен және менің командам алға қойған мақсаттарымызға жету жолында айтарлықтай жетістіктерге жеткенімізді мақтанышпен атап өткім келеді. 2023 біз үшін маңызды жетістіктерге толы жыл болды. Біз келесі кезеңдерінде инновациялар мен табыстарға деген ұмтылысты дамытуды жалғастыруға дайынбыз.

Сондай-ақ оқыңыз