Ғалым Байназаров: шетелдік банктерге емес, өз күшімізге сену керек

Жарияланды (жаңартылды )
Фото:shutterstock

Мемлекет басшысы қыркүйектегі жолдауында Қазақстанда үш жаңа шетелдік банктің филиалдары ашу туралы тапсырма берді.

«Елімізде 21 қаржы ұйымы қызметін жалғастыруда. Бұл ретте бірнеше ірі банктер ғана корпоративтік несиелеумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен айналысады. Сондықтан ұлғайту мақсатында бұл саладағы бәсекелестік үшін елімізге сенімді шетелдік үш банк тартылуы керек», – деген еді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте сарапшылар Қазақстан нарығына шетелдік банктер келсе, несие беру саясаты тұтынушыларға да, бизнес өкілдеріне де тиімді болады, деп топшылауда.

Қазір елімізде 21 екінші деңгейлі банк бар. Оның 11-і шетелдік банктің қатысуымен жұмыс істейді. Ал 8-і халықаралық банктің еншілес қаржы ұйымы. Экономистер, сырттан келетін үш банк кәсіпкерлікке серпін беретіне сенімді. Алайда бұған күмәнмен қарайтындар да бар.

Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия және Шығыс Еуропадағы инвесторлар тарапынан қызығушылық бар

Арада үш ай өтсе де елімізге нақты қандай қаржы ұйымдары келетіні белгісіз. Сенатта еліміздегі шағын және орта бизнесті дамытуға арналған үкімет сағатында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия және Шығыс Еуропадағы инвесторлар тарапынан белгілі бір қызығушылық барын мәлімдеген.

«Біз бұл бағытта Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия және Шығыс Еуропадағы инвесторлар тарапынан белгілі бір қызығушылық бар. Яғни, бұл жұмысты Үкіметпен бірге жүргізетін боламыз. Ірі халықаралық банктерді тарту банк нарығындағы бәсекелестікті арттырып, тиісінше халыққа қызмет көрсету сапасын арттырып, экономиканы несиелендірудің кеңеюіне әкеледі деп ойлаймын», – деген еді агенттік төрағасының орынбасары.

Шетелдік банктердің келуінен қандай өзгерістер күтіледі?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова бірінші кезекте несие арзандайды деп қуанудың қажеті жоқ екенін баса айтты. Оның пайымынша, бұл жерде ең алдымен базалық мөлшерлеме туралы сөз қозғау керек.

«Ол – ақша нарығындағы ақшаның қанша тұратынын білдіреді. Яғни, базалық мөлшерлемеге байланысты депозит пен несиенің қанша пайызда болатынын анық көрсетіледі. Қазір оның мөлшері 16,5 пайыз. Депозит бойынша кірістілікті арттыру үшін салған сомаңызға 16-17 пайыз қосқанымен, несие бойынша да пайызды банктер көтереді. Жеке және заңды тұлғаларға да қатысты. Жаңа банк келсе де базалық мөлшерлемеге қарайды. Егер шетелдік банк келсе, басқа мөлшерлеме бойынша ақша береді деп сенуге болмайды», – деген еді Мәдина Әбілқасымова.

Бірақ мұған күмәнмен қарайтын сарапшылар да бар

Қазақстан Ұлттық банкінің тұңғыш басқарма төрағасы Ғалым Байназаров қазіргі заманда сырттан келетін қаржы ұйымдарына сенудің қажеті жоқ екенін айтады. Еліміздегі қаржы саласының ардагері банк жүйесін өз күшімізбен реттеуіміз керек деп есептейді. 

«Бізге ешқандай шетелдің банкі, шетелдік инвестиция жақсылық жасауға келмейді. Сондықтан бұл мәселе дұрыс деп айта алмаймын. Біз өз күшімізге, өз ақшамыз – теңгемізге сенуіміз керек. Сондықтан, осы бағытта өзгерістер жасауымыз керек. Өз күшімізбен шығуымыз керек. Бізге ешкім, ештеңесін бөліп бермейді. Қазір заман сондай», – деді Ғалым Байназаров.

Шетелдік банктер бұрыннан филиалдарын аша алады

Айта кететіні, Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіру кезінде Қазақстан бұрын қабылдаған міндеттемелерге сәйкес шетелдік банктер ел аумағында филиалдарын аша алады.

Мұндай норма Мемлекет басшысы 2 қаңтарда қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда қарастырылған.

Мәселен, көрші Ресей мен Қытай, Пәкістанның ірі банктерінің филиалдары елімізде бұрыннан жұмыс істейді. Бұл ретте қаржы ұйымы филиалының еншілес банктен айырмашылығы бар. Оның негізгі ерекшелігі ол бас офистің барлық ресурстарына қолжетімділік береді, яғни шетелдік қарыз берушілер шығыны көп жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ете алады. 

Сондай-ақ оқыңыз