Жаңалықтар

Қазақстан Палестинаға тағы да гуманитарлық көмек жібереді

Фото: kursiv.media

Қазақстан Палестинаға 38 тоннадан асатын гуманитарлық көмек жібереді. Оған азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар кіреді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Палестинаға қосымша гуманитарлық көмек жіберуді тапсырған.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл мәселе ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен комиссия отырысында талқыланған.

«Гуманитарлық көмекке жалпы салмағы 38 тоннадан асатын азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар кіреді», – делінген хабарламада.

Бұл жүк  жақын арада әуе көлігімен жөнелтіледі.

Қазақстанның қолдауы Газа секторында орын алған гуманитарлық апатты жағдайға байланысты Палестина еліне көмек көрсетуге бағытталған.

Бұған дейін Қазақстан Палестина халқына $1 млн көлемінде гуманитарлық көмек көрсеткен болатын.

«Қазір айналамызда күрделі ахуал қалыптасып отыр. Солтүстікте Ресей мен Украина, Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасында қанды қақтығыс болып жатыр. Ауғанстанның жағдайы да тұрақсыз. Батыста заңсыз көші-қон мәселесі ушығып тұр. Бүгінде Газа Секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар және қарттар жанжал азабын шегуде. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Осы орайда, Қазақстаннан Палестина халқына 1 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым», – деген еді Қ.Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде.

Бұл қаржы БҰҰ Таяу Шығыс агенттігіне аударылды.