Жаңалықтар

Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО елдеріне электромобильдерді бажсыз әкелу мерзімін 2025 жылға дейін ұзартты


Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) кеңесінің кезекті отырысында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне электромобильдерді бажсыз әкелу мерзімін 2 жылға ұзарту туралы шешім қабылданды.

Сәйкесінше 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін электромобильдер бажсыз тасымалданатын болды. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, бұл бастама электромобиль нарығын одан әрі дамытуға, электромобильдерді қуаттау инфрақұрылымын жақсартуға және ірі қалалардағы экологиялық жағдайды дұрыстауға ықпал етеді.

27 қазанда Бішкекте өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында электромобильдерді кедендік баж салығынан босату мәселесі қаралды. Жиынға Қазақстан атынан Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин қатысты.

«Қазақстанға электр қозғалтқышы бар жеңіл көліктерді бажсыз әкелу мерзімі биыл аяқталды. Біз баж салығынан босатудың рұқсат мерзімін тағы 2 жылға ұзарттық. Одақ бойынша жалпы квота 96 мың, оның ішінде Қазақстанға 30 мың электромобиль әкелінеді. Міне, осы 30 мың электромобильге баж салығы салынбайды», – деген болатын С. Жұманғарин Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысынан кейін берген сұхбатында.

Айта кетейік, электромобильдерді жабық тұрақта қуаттауға уақытша тыйым салынды. Мәселе қауіпсіздік ережесі жазылғаннан кейін шешімін табуы тиіс.