Құлыбаевқа тиесілі «Каспий Нефть» компаниясы AIX биржасынан кетеді
Коллаж: kursiv.media
Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Каспий Нефть» мұнай компаниясы Астананың AIX биржасынан кететін болды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасына жолданған хабарламада жазылған.
Делистинг жайлы шешімді компанияның жалғыз акционері Joint Resources компаниясы қабылдаған. Ал Құлыбаев Joint Resources арқылы қатарында «Каспий Нефть» бар, бірнеше компанияға иелік тетеді.
«Каспий Нефть» компаниясының жай акцияларын биржаның ресми тізімінен шығару туралы шешім 29 қарашада қабылданған. Оның бағалы қағаздары 2023 жылдың 1 желтоқсанынан бастап AIX-те сатылмайды. Осы шешімді жүзеге асыру серіктестіктің бас директоры Серік Тыранға тапсырылған. Бұл ретте компанияның бағалы қағаздары KASE-де саудалана береді.
2023 жылдың 30 қыркүйегі мен 2022 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша топтың жарғылық капиталы 100 миллион теңгені құрады. Ол бір акциясы 1 мың теңге болатын 10 мың қарапайым акциядан тұрады. Бүкіл акция жарияланған, шығарылған және толық төленген. Тамыз айында компания 11 млрд теңге дивиденд төледі.
«Каспий Нефть» – 1997 жылдан бері Каспий теңізі өңірінде жұмыс істейтін мұнай өндіруші компания. Атырау облысы, Жылыой ауданында орналасқан Айранкөл кен орнында шикі мұнай барлау, өндіру, алғашқы өңдеу, тасымалдау және сатумен айналысады.
Компанияның жалғыз акционері – Joint Resources, түпкілікті бенефициар – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызының күйеуі, ең бай қазақстандықтардың бірі – Тимур Құлыбаев. Соңғы қаржы есебінде Құлыбаевтың Joint Resources акцияларын сенімгерлік басқаруға бергені және оларды бақылай алмайтыны айтылған.
Joint Resources Crystal Management, Шұбаркөл Премиум, «Каспий Мұнай» және Premier Development Company компаниясының бақылау пакетіне ие.
Құлыбаевтың шикізат активтерін бақылайтын компания директорлар кеңесін жаңартқан болатын.
Тииур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева – Forbes тізімінде үшінші орында тұр. Жұбайы Динарамен бірге иелік ететін «Халық банктің» 69,5%-ы мен «Алтын банктің» 40% акцияларынан бөлек, Құлыбаевқа «Қамқор Менеджмент», PetroRetail (QazaqOil жанармай құю станциялары желісі), SilkwayTransit, PTC Holding, Petrolex Group акциялары, Астана мен Қазақстанның өзге қалаларындағы коммерциялық жылжымайтын мүлік тиесілі.