Марқакөл мен Мақаншы қайта ашылады: ШҚО мен Абай облыстарында жаңа аудандар құрылады

Жарияланды
ШҚО, Абай облыстарында құрылатын жаңа аудандар: Марқакөл, Үлкен Нарын, Мақаншы, Жаңасемей / Фото: kursiv.media

ШҚО, Абай облыстарында аудандар қайта қалпына келтіріледі. Тиісті ққұжат «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылды.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының әкімшілік орталығы Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылынан Қатонқарағай ауылына көшіріледі.

«Шығыс Қазақстан облысының құрамында: 1) Қатонқарағай ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Үлкен Нарын ауылында орналасатын Үлкен Нарын ауданы; 2) Күршім ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Марқакөл ауылында орналасатын Марқакөл ауданы құрылсын», делінген құжатта.

Ал Абай облысының құрамындағы Үржар ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Мақаншы ауылында орналасатын Мақаншы ауданы құрылса, Семей қаласының құрамынан Абралы, Айнабұлақ, Ақбұлақ, Алғабас, Ертіс, Новобаженово, Озерки, Приречный, Жиенәлі, Достық, Қараөлең, Көкентау ауылдық округтері мен Шүлбі, Шаған кенттерін бөлу жолымен Семей қаласының аумағында әкімшілік ғимараттарды орналастыра отырып Жаңасемей ауданы құрылады.

Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысындағы жаңа аудандар жергілкіті әлеуметтік-экономикалық жағдайға оң ықпал етпек.

«Орталық мемлекеттік органдар, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысының жергілікті өкілді және атқарушы органдары орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мен ұйымдардың іркіліссіз және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын»,- делінген президент қаулысында.

Бұл құжат 12 желтоқсанға дейін талқылауда болып, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Еске сала кетсек, 17 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кеткеніне байланысты Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы шешім қабылдаған болатын.

Содан кейін екі күн өткен ШҚО облысының әкімі Ермек Көшебаевты қабылдап, ШҚО-ның шекаралас аумақтағы елді мекендерін жүйелі түрде дамытуды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз