«Көкжиде» жер асты су қорын ластаған 5 мұнай компаниясы жұмысын қашан тоқтатады – Смайылов жауап берді
«Көкжиде» жер асты су қорының үстінде тұрған мұнай компаниялы бұрғылау жұмыстарын 2028-2030 жылдарға дейін тоқтатады. Бұл жайлы депутаттардың сауалына берген жауабында премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.
Сауал: Депутаттар «Көкжиде» су қорының ластанып жатқанын айтып, сауал жолдаған. Олардың айтуынша ластану 2020 жылы тіркелген. Ол жылы Көкжиде жер асты суларында мұнай өнімдерінің құрамы шекті рұқсат етілген концентрациядан 6 есеге дейін асып кеткені анықталған. Ал 2021 жылы тіркелген компанияларға қомақты көлемді айыппұл салынған.
«Осы бірегей жерасты суларын сақтау мақсатында Ақтөбе облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша 2009 жылдан 2019 жылға дейін «Көкжиде» Құмы объектісіндегі 38 ұңғымаға мемлекеттік экологиялық зерттеулер жүргізілді. Зерттеу нәтижелері бойынша жыл сайын жер асты суларының мұнай өнімдерімен ластануы тіркелді. 2021 жылы Актөбе облысы бойынша экология департаменті облыс прокуратурасымен бірлесіп «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КМК-Мұнай» АҚ және «Фирма Ада Ойл» ЖШС қызметінде тексерулер жүргізді, нәтижесінде Көкжиде құмдарының ластануы бөлігінде ҚР экологиялық заңнамасының бұзылуы анықталып, 1 миллиард теңгеден астам сомаға айыппұл салынды»,- дейді депутаттар.
Сондай-ақ, экологиялық тексерулердің қорытындысы бойынша 2023 жылғы шілдеде Көкжиде контурлары шегінде орналасқан барлық жер қойнауын пайдаланушылардан жер асты суының сынамаларын іріктеп алынған талдауларда мұнай өнімдерінің құрамының артуы анықталған. Осыған байланысты, Экология және табиғи ресурстар министрлігі жер қойнауын пайдаланушыларға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жіберді
Бұл жағдайдың үлкен экологиялық апаттарға әкелмеуі үшін депутаттар «Көкжиде» жер асты сулары контурында орналасқан барлық мұнай өндіруші компаниялардың жерасты суларын пайдалануға рұқсаттамаларын, сонымен қатар мұнай өндіруші ұңғымалардың өнімділігін арттыру және қысымды ұстап тұру мақсатында Көкжиде жерасты суын мұнай қабатына айдау жайттарын тексеруді сұраған. Сонымен бірге мүмкіндігінше қысқа мерзімде аталған аумақтағы мұнай-газ ұңғымаларын 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын жасақтап, бекітуді ұсынған.
Жауап: Смайылов бұл ұңғымалардың жұмысын қысқа мерзімде тоқтату мүмкін еместігін айтқан. Оның айтуынша, оларды кезең-кезеңімен тоқтату шаралары 2028-2030 жылдарға қарай бірақ мүмкін болмақ. Премьер-министр жер қойнауын пайдаланушыларға Көкжиде жерасты сулары мен «Көкжиде» құмдары кен орнының контурына түсетін келісімшарттық аумақтардың бөліктерінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі жұмыстарды тоқтату туралы тиісті хабарламалар жіберілгенін айтқан.
«Бұл ретте, мұнай кәсіпшілігінің дереу тоқтауы техногендік сипаттағы аварияларды тудырып қана қоймай, 1,5 мыңнан астам жұмыс орнының қысқаруына және жыл сайын шамамен 650 мың тонна көлемінде мұнай, 700 млн м3 газ өндіру бойынша шығындарға әкеп соғатынын атап айту жөн. Осыған байланысты жою жобаларына сәйкес ұңғымаларды кезең-кезеңімен тоқтату және пайдаланудан шығару орынды. Қазіргі уақытта барлық жер қойнауын пайдаланушылар 2028-2030 жылдарға дейін Ұңғымаларды кезең-кезеңімен жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті»,- дейді Смайылов.
Смайылов бүгінгі таңда жер асты сулары кен орындарының контурында орналасқан мұнай кен орындарын экология үшін қауіпсіз игеруді қамтамасыз ететін заманауи әдістер мен технологиялар қолданылатынын, көлденең ұңғымаларды бұрғылау тәсілдері мен қоршаған ортаға қауіпсіз бұрғылау ерітінділерін қолданыла бастағанын атап өткен. Сонымен бірге «Көкжиде» жер асты сулары кен орнын сақтау, өңірде экологиялық, техногендік және жағымсыз әлеуметтік салдарға жол бермеу мәселесі Үкіметтің ерекше бақылауында тұрғанын айтқан.
Еске сала кетсек, Ақтөбе облысында үш ірі қаланы тұщы сумен қамти алатын жерасты су қоры қорының үстіне мұнай скважиналары орналастырылғаны туралы мәселе осыған дейін де көтерілген. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мұнай скважиналарының алғашқыда жерасты көлінің үстіне орналастырылмағанын, қазіргі жағдайдың қалыптасуына жерасты су ресурстарының артуы себеп болғанын айтқан болатын.
Ол да Ол 5 мұнай скважинасының жұмысын бірден тоқтату техникалық тұрғыда мүмкін емес екенін айтты. Өйткені бір мұнай скважинасының жұмысын тоқтатудың өзі оңайға соқпайды және процесс дұрыс жүргізілмесе су қоры екінші мәрте ластануы мүмкін.