Жаңалықтар

Қазақстанға қыс қашан келеді – «Қазгидромет» жауап берді

Қазақстанның көптеген өңірлерінде желтоқсаннан бастап күн суытып, қар түседі / Фото: kursiv.media

Қазақстанның көптеген аймағында жылы ауа-райы сақталып тұр. «Казгидрометтің» хабарлауынша еліміздің көптеген өңірлерінде қар желтоқсан айының ортасына қарай түседі.

«Болжамға сәйкес, Қазақстанның басым бөлігінде қар жамылғысы желтоқсанның бірінші онкүндігінің соңында, ал республиканың оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында айдың екінші жартысында түседі деп болжануда»,- деп жазылған ауа-райы болжамында.

Сонымен бірге Қазгидромет болжамы бойынша желтоқсан айының басында Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын болып, тұман мен көктайғаққа ұласуы мүмкін. Ал солтүстік өңірлерде қосымша ұйытқыған жел мен бұрқасын соғады деп күтілуде.

«Желтоқсан айының бірінші онкүндігі аяқталар шақта ауа-райы бұзылып, оңтүстік аймақтардан өзге өңірлерде аязды ауа-райы күтіледі. Қар жауып,  бұрқасынды жел күшейеді, ауа температурасы түнгі уақытта -10-20°С-қа, күндіз -3-10°С-қа дейін төмендейді деп болжануда», – деп хабарлайды «Қазгидромет».

Күздің жылы болуы негізінен Иран мен Жерорта теңізі аумағына жылы ауа массаларының келуімен байланысты екен. Осыған байланысты Қазақстан аумағындағы температуралық фон климаттық нормадан 3-10° жоғары болған. Метеобақылау мәліметтерінше 2010 жылы да қараша айы осылай жылы болған. Ол кезде ауа температурасы нормадан 2-7° ауытқыған.

Ал Астанаға бұған дейін қыс екі рет кешігіп келген екен. Бірінші жағдай осыдан 56 жыл бұрын тіркелген. Онда Арқа өңіріне қар 1967 жылдың 15 желтоқсанында түскен. Ал екінші жағдай 2008 жылы тіркелген. Ол кезде қар 14 желтоқсанда жауған екен.