Елорданың сол жағалауын жылытып жатқан ЖЭО-3-тің кезең-кезеңімен төртінші қазандығы да іске қосылды. Қазір кезде жылу электр орталығы құрылыс басталғаннан кейін 13 жыл өткен соң ғана толық қуатымен жұмыс істеп тұр.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Астананы жылумен қамтамасыз ету жұмысы туралы мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3-ті іске қосу үшін үлкен жұмыс атқарылды.
Аталмыш жылу электр орталығындағы төрт қазандықтың бәрі іске қосылды. Бұл қаланы 440 Гкал/сағатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.ЖЭО-3-тің бірінші кезеңінің құрылысы қазан айында аяқталды. Нысан осы кезден бастап қалаға жылу беруді бастады. ЖЭО-3 сол жағалаудың бір бөлігін және құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жаңа аудандарды жылумен қамтиды.
Сол сияқты тіршілікті қамтамасыз ететін жаңа нысандарда жаңа қуаттар іске қосылды. Мәселен, жаңа «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясын алайық. Бұл газ жылу станциясы «Бағыстан», «Мыңжылдық аллеясы» тұрғын үй кешендері аудандарын, қаланың сол жағалауын жылумен сенімді қамтамасыз етеді. Осы жылдың соңына дейін станцияны 350 Гкал/сағ максималды қуаттылыққа дейін жеткізу бойынша іске қосу жұмысы жалғасады.
Сондай-ақ, желтоқсан айында қуаттылығы 350 Гкал/сағ болатын «Тұран» газ жылу станциясының 1-кезеңін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, үш нысанның күші 1140 Гкал/сағ құрайды», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.