Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі «Масс-медиа туралы» заң нормаларын түсіндіруге арналған брифинг өтті. Депутат Ринат Заитов жынысын өзгерткен адамдар жайлы бағдарламаны теледидардан көрсетпеуді ұсынып, Мәдениет және ақпарат министріне сұрақ қойды.
«Өзінің қызымен жыныстық қатынаста болған әке туралы бағдарламаны неге телеарнадан көруіміз керек? Жынысын ауыстырған адамдарды неге көруіміз керек телеарналардан? Мұндайға мониторинг жасап, тоқтатайық деп ұсыныс бердік. Осыған байланысты сұрағым бар. Заң аясында осындайды тоқтатын тетік бар ма? Бұл мәселені екінші оқылымда қарай аламыз ба?», – деді ол.
Аида Балаева депутаттың көтерген мәселесі орынды екенін атап өтіп, оны қарауға дайын екенін жеткізді.
«Ана және мемлекеттік қызметкер ретінде сіздің жанайқайыңызды түсініп отырмын. Десе де, біз мемлекеттік орган ретінде ондай бағдарламаларға қаржы бөлмейміз. Мен оған кепілдік беремін.
Біріншіден, осындай бағдарламаларды БАҚ өз қаржысына түсіріп отыр. Бұл мәселе қоғам болашағына септігін тигізетіндіктен, оны екінші оқылымда қарауға дайынмын.
Екіншіден, сол БАҚ жетекшілерін шақырып, осы мәселені талқылауға дайынмын. Себебі оның тұжырымдамасы бар.
Бұл мәселені бір-екі жыл емес, қаншама жыл айтып жүрміз. Өкінішке қарай, сондай бағдарламаларды тапжылмай көріп отыратын адамдар бар. Сондықтан бұл мәселені дұрыстап қарайық. Мен мұнымен келісемін», – деді министр.