Онлайн-оқу денсаулыққа зиян ба?

Жарияланды
Ғалымдар жасаған тұжырымдарға шолу Фото:shutterstock

Кейінгі жылдары Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем қашықтан жұмыс істеу, оқуға бейімделіп алды. Оған бірінші кезекте пандемияның әсер еткені белгілі. Бұл ретте сарапшылар аталған тенденцияның алдағы уақытта одан әрі белең алып, оқу платформалары жыл өткен сайын көбейе беретінін айтып отыр. Қашықтан оқыту бұрын көмекші құрал ғана болса, енді оның негізгі тәсілге де айналуы мүмкін деседі. Ғалымдар онлайнның адам денсаулығы мен үлгеріміне қалай әсер ететініне қатысты зерттеулер де жасап жатыр.

          Онлайн мен офлайнның айырмасы бар ма?

          Соның ішінде академиялық үлгеріміне, яғни әлдебір оқу бағдарламасын түсініп, меңгеруіне оқу тәсілі әсер ете ме? Осы сауал аясында жасалған зерттеулерден бастайық. Пандемияға дейін онлайн оқуға қатысты көңілде күдік көп болғаны рас. Өйткені сырттай оқуға қарағанда күндізгі оқу әдісі нәтижелірек деп ойлап келгендер көп еді. Америкалық зерттеушілер 1790 студенттің үлгерімін салыстырып, мынадай зерттеу жасаған. Олар студенттерді екі топқа бөлген: бірі климат өзгерісі туралы тақырыпты онлайн-форматта талқыласа, енді бірі аудиторияда сабақ түрінде өткен. Мәселе оқытушыда деген келіспеушілік болмасын деп екі топқа да бір адам сабақ береді. Сөйтіп курс аяқталғанда студенттердің білімі сарапқа салынады. Қашықтан оқығандардың үлгерімі офлайнға қарағанда 2 пайызға ғана төмен болып шыққан. Яғни айырма ондай үлкен емес. Бұдан бөлек, онлайн оқудың үлгерімге әсер етпейтінін дәлелдеп шыққан өзге де зерттеулер бар. 2010-2021 жылдар аралығында 27 зерттеудің метаанализ нәтижесі осыны көрсетіп отыр.

          Ал енді онлайн-оқу процесінің қандай артықшылықтары бар? Мысалы McKinsey консалтиң компаниясының жүргізген зерттеуіне қарасақ, онлайн оқитындарға сабақтың жазба түрінде сақталатыны ұнайды екен. Тәжірибеге қатысушылар оқу жоспарын құрудың оңайлау екенін, өзіне қолайлы уақытқа қоюға болатынын да жағымды тұстардың қатарына қосқан. Әрі заманауи технологиялар оқу барысын жайлы ететіні бар. Мысалы геймификация арқылы қиын деген тақырыптың өзін жеңіл түсіндіруге болады. Виртуал және толықтырылған реалити болса, практикалық жаттығулардың орнын басып, материалдағы көрнекі құрал іспеттес көрінеді. Соның арқасында тақырыпты меңгеру, сіңірі, түсіну оңайлай түседі.

Ортаға бейімделуге онлайнның кері әсері бар ма?

          Мектеп бітіріп, енді студенттік өмірге қадам бастық дегенде пандемия кезіне тап болғандар бұл мәселемен бетпе-бет кездескенін білеміз. Яғни бейімделіп, әлеуметтену проблемасы бар. Жоғары курс студенттеріне қарағанда оларға сәл қиындау болуы мүмкін. Осындай стереотип бар. Ал енді ғалымдар зерттеуі не дейді? Қытайлық зерттеушілер Чженчжоу университетінің 186 ерікті студентін қатыстырып, зерттеу жүргізген. Оның ішінде 94 бірінші курс студенті және 92 төртінші курс студенті қатысқан. Нәтижесінде қашықтан оқу бірінші курстағыларға қиындау екен. Өйткені группаластары мен оқытушыларымен қарым-қатынас орнатып кету оңай емес. 

          Әйтсе де, онлайнда әлеуметке бейімделу кейде жақсы нәтиже беруі де мүмкін. Малайзиның технологиялық университеті ғалымдары төрт түрлі оқу орнында оқитын 402 бакалавриат студенттеріне сауалнама жүргізген. Ол жерде коммуникация, оқу үлгерімі, бір-бірімен қарым-қатынас құруға қатысты сұрақтар қамтылған. Нәтижесінде әлеуметтік желілер, мессенжерлер студенттерге қатарластары мен оқытушыларымен байланыс орнатуға жақсы көмектесетіні белгілі болған. Демек, қашықтан оқыған кезде бетпе-бет көріспейтініңіз болмаса, коммуникация жасауға кедергі емес деген сөз.

Онлайн оқу және мотивация мәселесі

          Оқушы біреумен талқылап, талдай алатын болса, онлайн оқу мотивацияны арттырады. Сөйтіп жарысып оқыған уақытта үлгерім де көтеріледі. Мұндай тұжырымды америкалық ғалымдар жасаған. Олар қашықтан оқу форматына ауысқан студенттер мен аспиранттар арасында зерттеу жүргізген. Джорджиядағы қоғамдық денсаулық сақтау факультетінде оқитын 769 студент қатысқан. Нәтижесінде жартысынан астамы оқуға құштарлықтың форматқа байланысты өзгермегенін айтқан. Осыған ұқсас тағы бір зерттеуде студенттер әлдекіммен талдауға мүмкіндік болса, мотивация молырақ болатынын көрсетіпті. Жалпы оқуға деген ынтаның артуына оқытушының да әсері мол. Рур университі ғалымдары осындай тұжырымға келген. Олар бір сабақты оқып жатқан 104 студентті алып, үш топқа бөлген. Біріншісі күндізгі форматта оқыған, екіншісі — қашықтан трансляция түрінде қарап отырған, үшіншісі де қашықтан оқыған, бірақ оқытушымен қарым-қатынас жасап отырған. Сабақ кезіндегі студенттердің жүрек соғысы, сілекейдегі ферменттер мен гормондар концентрациясы тексерілген. Одан бөлек, сауалнама да жасалған. Интерактив онлайн-сабаққа қатысқандарда кортизол көп бөлінген. Сонымен бірге жүрек соғысы да қалыпты болған. Демек, ағза сабақ оқуға әзір. Сауалнама нәтижесінде де студенттер концентрация көбірек болып, сабаққа ынта жоғары болғанын айтқан. Яғни нәтиже күндізгі оқу режимінде оқығандармен шамалас болған. Ал тек трансляция қарап отырғандарда көрсеткіш төменірек болыпты.   

Денсаулықты құртып, күйзелісті көбейте ме?

          Бәрімізде коронавирус кезінде физикалық белсенділік төмендеді. Төрт қабырғада қамалып отырғанымыз есімізде. Ғалымдар мұның денсаулыққа әсері қалай болатынын зерттеген. Германиялық жеті университет бірігіп, 2020 жылы зерттеу жасаған. Сауалнамаға 917 студент қатысыпты. Олардың орташа жасы — 23. Нәтижесінде 352 респондент онлайн-оқуға ауысқалы физикалық саулығы төмендегенін айтқан. Ал 485 адам психикалық саулығында мәселе пайда болғанын көрсетіпті. Яғни қашықтан оқығанның кесірінен стресс көбейген депті. 

          Келесі бір зерттеу 2020 жылы күзде жүргізілген. 5-12 жас аралығында балалары бар 1290 ата-анаға сауалнама жасаған. Онда да нәтиже жоғарыдағыға ұқсас: респонденттердің 63 пайызы балалардың физикалық белсенділігі төмендегенін айтқан. Ал 25 пайызы эмоциялық, психологиялық жай-күйі нашарлағанын көрсетіпті. Жалпы алғанда қашықтан оқудың кері әсерінің ішінде осы денсаулық мәселесі бар. Өйткені көзінің көруі нашарлап, арқасы, белі ауыруы мүмкін. Әлбетте, уақыт, ақша жағынан әжептәуір үнем болатыны рас. Дегенмен онлайн оқыған кезде стресс деңгейі артады. Мазасыздық көбейеді. Байланыссыз қалудан, керек ақпаратты интернеттен таппай қалудан қорқыныш пайда болуы да ғажап емес. Бұл мәселенің бірден-бір шешімі — адамның өзімен-өзі жұмыс істеуі. Яғни белсенді болып, жаттығу жасап, билеп, спортпен айналысып, шаттық гормонының көбірек бөлінуіне көмектескені абзал.

          Студенттер ересектер санатында болғандықтан, оларға онлайн оқығанның пайдасы көбірек болуы мүмкін. Ал енді балалар мен жасөспірімдерге бұл нұсқа онша келмейді. Өйткені олар жасына байланысты материалды өздігімен жүйелеп, сіңіре алмайды. Сабаққа кірісіп кету де оңай емес. Ұйқы, ойын, теледидар қарағысы келіп кетуі мүмкін. Сөйтіп сабақты кейінгі ысырып, басқа нәрсемен айналысып кете береді. Соның кесірінен берген тапсырма орындалмай, өткен сабақ сол күйі санаға сіңбей кетуі ықтимал.  

Когнитив функцияларды дамыта ма?

          Бұл дегеніміз айнала туралы ақпаратты сіңіру, өңдей алу қабілеті жайлы. Оның ішіне назар салу, жад, қиял, сөйлеу, логикалық ойлау, талқылау сынды қабілеттер кіреді. Біздің мұқият оқып, жолды есте сақтап, жоспар құра алуымыз осы когнитив функцияларға байланысты. Араб ғалымдары қашықтан оқығанда осы функциялар дамитынын дәлелдеген. Олар 2020-2022 жылдар аралығында осы тақырыпта жазылған 40 мақаланы талдап шыққан. Электроэнцефалограммалар мен айтрекиң технологияларының арқасында адамның көз жанары қалай қозғалатынына фиксация жасап, студенттердің когнитив қабілеті өлшенген. Топтамадағы 24 мақаланың ішінде қашықтан оқудың басты тәсілі видеотрансляция болған. Студенттер сабақтың жазылатыны қолайлы деген. Өйткені кейін қайта қарап алуға болады дейді. Бірақ кемшілігі сол — кері байланыстың жоғы. Ал енді видеоконференция форматында оқытушыға сұрақ қоя алатын болған соң, үлгерім сәл жоғары болған. Яғни фидбек болса, қатемен жұмыс істеу оңай. Бұл дегеніміз оқытушымен байланыста болған кезде студенттердің когнитив қабілеті өсе түсетінін көрсетеді. Кері байланыс мотивацияны арттырып қана қоймай, логика, ойлау қабілетін өсіруге де көмектеседі екен.  

Онлайн оқитындарға кеңес

          Егер балаңыз онлайн оқитын болса, осы жағын талқылап алған дұрыс. Қашықтан оқып көрген ересектермен сөйлескен артық болмайды. Барлығының қалай өтетінін алдын-ала түсіндірсеңіз, онда белгісіздік азаяды. Бұл сабаққа даяр болуға көмектеседі. Сонымен бірге сабақ оқитын жерді реттеп қойыңыз. Арнайы партасы болсын. Омыртқасы қисаймас үшін орындықты дұрыс таңдаңыз. Бөлмедегі жарық мәселесі де маңызды. Қажет материалдар қол астында тұрсын. Мектепке барған кезде қалай киініп, дайындалып баратын болса, қашықтан оқуға да сондай әзірлік керек. Бұл сабақтың сіңірілуіне әсер етеді. Арасында қоңырауға шығып тұруды да ұмытпасын. Бастапқыда ата-аналар баласының қасында болғаны дұрыс. Техникалық мәселелер туындай қалса шешуге көмектеседі. Коммуникация жолдарын көрсетіңіз. Кейін бала өзі біртіндеп үйрене бастайды.

          Жалпы алғанда қашықтан оқу форматы адамды өз өміріне жауаптырақ қарауға, жауапкершілік алуға, шығармашылық қабілетті ашуға көмектеседі. Сол арқылы үйдегі жайлы атмосферада жақсырақ нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізеді. Өзіңізге қолайлы кезде оқуға мүмкіндік бар болғандықтан, жағымды эмоция көбірек болады.            

Сондай-ақ оқыңыз