Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоровтың Қазақстан территориясына қатысты айтқан пікіріне жауап беріп, ресейлік депутат Путин қарсы саясатына қарсы шығып отырғанын айтты.
«Әріптестер, ресейлік Дума депутатының Қазақстанға қатысты айтқан жағымсыз пікірін тыңдау әдетке айналды. Біздің тәуелсіздігіміз бен территориялық тұтастығымызға қатысты провокациялық, жалған пікір білдіруімен танылған депутат Федоров осы жолы да дәлелсіз хайп жасап отыр», – деп бастады сөзін Бәшімов.
Оның айтуынша, Федоров Петропавлда құрылған «халықтық кеңес» мүшелеріне қатысты сот ісіне баға берген. Айта кетейік, кеңес мүшелері сепаратистік жұмыстары үшін сотталған.
Сондай-ақ, Федоров Қазақстан «территориясы заңды түрде» бекітілмегендігі туралы айтқан. Ол «Қазақстан тәуелсіздігін алғанда халықаралық нормаларды сақтамады» деген пікір білдірген.
Ал қазақстандық депутат Бәшімов ресейлік Мемлекеттік дума депутаты тарихи дәлелдерді бұрмалағанын айтты.
«Интеллектісі 13 жасар баламен тең адамның пікіріне жауап беру қиын әрине. Бірақ мен қолдан келгенше тырысып көремін. Федоровтың сөзі тарихта қарама-қайшы. Ол дәлелдерді бұрмалап, КСРО ыдырау процесс туралы әдейі айтпай отыр. Оған қоса, Федоров өз президентінің ресми саясатына қарсы шығып отыр. Қазақстанға келген соңғы сапары кезінде Владимир Путин Қазақстан-Ресей арасындағы қарым-қатынас өзара сыйластық, тәуелсіздікті және территориялық тұтастықты мойындау мен ішкі саясатқа араласпау негізінде құрылғанын айтқан», – деді Бәшімов.
Ол көрші елдің заң қабылдау органы өкілдерінің мұндай пікір айтуы орынсыз екенін ескертті. Бұл бірінші кезекте Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық келісімге зардабын тигізетінін айтты.
«Федоров пен сол секілді адамдардың барлық психологиялық травмаларын БАҚ-та немесе парламентте емес, психиатр алдында талқылануы тиіс. Тәуелсіздік туралы декларация жарияланған күннен бастап Қазақстан БҰҰ жарғысын ұстанатын және негізгі халықаралық ұйымдардың мүшесіне айналған күшті және тәуелсіз мемлекет құрды. Біздің еліміз барлық көршілермен шекараны мұқият бөлді», – деді депутат.
Ол Қазақстанның кеңестік өткен шағына бұрылып қарамайтынын айтып, ресейлік әріптестерін мұндай саяси тақырыптарға сөз қозғамауға шақырды. Және ортақ кеңестік кезеңнің тарих кітаптарында ғана қалғанын айтты.