Алматыдағы өрт: Полиция хостелдің жертөледе заңсыз орналасқанын білген бе
30 қарашада Алматыда өрт салдарынан 13 адам қайтыс болғаннан кейін өңірге келген төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов өрт болған хостел тіркеуден өтпегендіктен, басқарушы органдар оның жұмысы туралы хабарсыз болғанын айтты.
«Бұл хостелде тұрған студенттер оқу орындарын жатақханамен қамту туралы өтініш жасамаған. Хостелдің жұмысы туралы әкімдік те, өзге мемлекеттік органдар да хабарсыз болған. Бұдан бөлек, төтенше жаңдайлар департаменті шағын және орта бизнес субьектілерін тексере алмайды. Бірақ 13-17 қараша аралығында «Жатақхана» акциясы өтіп, жатақхана болуға ыңғайлы хостелдер мен ғимараттар тексерілген. Алайда бұл хостел тіркеуде болмағандықтан, тексеріс болмаған», – деді министр.
Бұдан бөлек, мемлекеттік комиссия өрттің неден пайда болғанын анықтап, кінәлі адамдарды табу үшін жұмыс жасап жатқанын айтты.
Айта кетейік, арнайы комиссияның баспасөз конференциясы кезінде Алмалы аудандық полиция департаменті басшысының орынбасары Айбат Мурзамадиев аталмыш хостелге полиция өкілдері миграция мәселесіне байланысты тексеру жұмыстарын жүргізгенін айтты.
«Анықтаймыз», – деп жауап берді ол «Курсивтің» «Алматы полициясы жертөледе заңсыз хостелдің болғанын біле тұра басқа органдарға хабар бермегені» туралы сұрағына.
Алматы қалалық қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Бақытжан Наурызбеков те аталмыш хостелдің тіркеуден өтпегенін хабарлады.
«Барлық хостелдер тіркеуден өтіп, біздің басқарма оған рұқсат береді немесе жауып тастайды. Бірақ дәл осы жертөледегі хостелдің рұқсаты болмаған», – деді басқарма басшысы.
Бүгін Алматыдағы хостелде өрт шығып, құтқарушылар оқиға орнынан 13 адамның денесін алып шықты. Құтқарушылардың алдын ала болжамына сәйкес, адамдар иіс тиіп қайтыс болған. 59 адам эвакуцияланды.
Өрт шыққан ғимарат Халық банкінің еншілес ұйымына тиесілі. Банкте кепілде тұрған бұл ғимарат қарыз өтелген соң банктің еншілес ұйымы – «Халық» стресті активтерді басқару компаниясының меншігіне өткен. Ол осыдан 1,5 ай бұрын Әділбек Сағымбекұлы Мұхамедьяров басқаратын «ALA Hostel» ЖШС-не жалға берілген.
Қайтыс болғандардың арасында төртеуі – шетел азаматтары. Екеуі Ресей азаматы болса, екеуі Өзбекстан азаматтары.
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев бұл іс Бас прокуратураның бақылауына алынғанын хабарлады.