Самат Әбішке қолданылған бұлтартпау шарасы өзгерген жоқ – Бас прокуратура

Жарияланды

Фото: gov.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қолданылған бұлтартпау шарасы өзгерген жоқ. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлімдеді.

«Қылмыстық іс бойынша бұлтартпау шарасы өзгерген жоқ. Ешқайда кетпеу жөніндегі бұлтартпау шарасы өз күшінде. Ешқандай бұлтару немесе жауап беруге келмеу сияқты фактілер болған жоқ. Сол себепті бұлтартпау шарасы өзгертілген жоқ, – деді бас прокурордың орынбасары мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі брифингте.

Жандос Өмірәлиев Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары лауазымды өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін тергеліп жатқанын еске салып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Журналистер бас прокурордың орынбасарына: «Самат Әбіш қашып кетеді деп ойламайсыздар ма?» – деген мағында сұрақ қойды. Жандос Өмірәлиев: «Мұндай әрекетке ешқандай негіз жоқ», – деп жауап берді.

Қыркүйек айында өткен сот процесінің үшінші отырысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 5 – департаментінің бұрынғы бастығы, полковник Руслан Ысқақов «Қаралы қаңтарда» Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш берген бұйрықты орындағанын жариялады.

Өз кезегінде Бас прокуратура: «Арнайы прокурорлар Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты «Қаңтар оқиғалары» кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр», – деп хабарлады.

Ал ҰҚК төрағасының орынбасары Асқар Әмірханов Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштен жауап алынып жатқанын мәлімдеді.

«Самат Әбіш те тергеу орбитасында. Ол куәлік беріп жатыр, бірақ мен оның статусын білмеймін», – деді ҰҚК төрағасының орынбасары.

Бұған дейін Самат Әбіш «Қаңтар оқиғасынан» кейінгі тергеуге куәгер ретінде де шақырылмаған болатын.

2023 жылғы 15 мамырда ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіш қаңтар оқиғасы бойынша неге жауапқа тартылмағанына жауап берді.

«Бұл сұраққа жауабым қысқа болады. Сұраққа жауапқа беруге құзыретім жетпейді. Құқықтық бағаны құқық қорғау органдары, Бас прокуратура берді. Іс бойынша тергеуді ведомствоаралық жедел тергеу тобы жүргізді», – деді ҰҚК төрағасының орынбасары.

19 қыркүйекте Бас прокуратураның баспасөз қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты тергеу басталғанын хабарлады.

27 қыркүйекте Бас прокуратура Назарбаевтың немере інісі неге ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүргенін жариялады.

«Тергеу органдары өз тергеу жұмыстарына сүйенеді. Олар оның ешқайда қашпайтынына сенімді болса керек. Ол қылмыстық қудалау органдары алдындағы заң бойынша өзіне жүктелген міндеттерінің ешқайсысын бұзбаған болуы мүмкін, Сондықтан оған басқа бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселе туындамаған», – деді Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев.

Сондай-ақ оқыңыз