Ұлттық ұлан академиясында қызылша ауруының ошағы тіркелуіне байланысты шектеу шаралары енгізілді

Жарияланды
корь
Ұлттық ұлан академиясында қызылша ауруының ошағы тіркелуіне байланысты шектеу шаралары енгізілді / shutterstock

Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясында қызылшамен ауырғандардың саны 46 адамға жетті. Осыған байланысты жоғары оқу орнында шектеу шаралары енгізілді.
Академиядағы медициналық қызметтің басшысы Азамат Тоқтарбаев қызылша ауырған адам 12 қарашада анықталғанын, оның Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы екенін айтты.

Белгілі болғандай, қызылша жұқтырғандардың саны 46-ға жетті. 22 адам Петропавл қаласында ем қабылдап жатыр. 24 науқас жазылып шықты.

«Сырқаттанғандардың үшеуі – офицер, екеуі келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметші. Олардың жасы 40-тан асқан. Протокол бойынша қызылшаға қарсы екпе 30 жасқа дейін салынады. Осы жағдайға байланысты жоғары оқу орнында шектеу шаралары енгізілді. Академияда өтетін іс-шараларға сырттан адамдардың қатысуына, курсанттардың академиядан тыс жерде болатын түрлі іс-шараларға атсалысуына уақытша шектеу қойдық», – деді медициналық қызметтің басшысы.

Оның айтуынша, жоғары оқу орнында инфекцияға тосқауыл қою үшін 641 адамға вакцина салынды.

«Эпидемиялық жағдай тұрақталмаса қосымша шаралар қабылданады. Қазір бетперде режимі қолданылып жатыр. Ғимаратты күн сайын зарарсыздандырып, желдетіп, кварцтап жатырмыз», – Азамат Тоқтарбаев.

Кеше, 29 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сауқтау министрі Ажар Ғиният осы оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«Өңірдің бізге берген дерегі бойынша, Ұлттық ұланның аталмыш академиясында 17 курсант ауырған. Біреуі медициналық санитариялық бөлімде ем алып жатыр. Қалғандары жазылып шыққан. Негізі екпе алғандар мен бұған дейін ауырып үлгергендердің иммунитеті мықты. Бұған дейін ауырып көрмегендер ауырған екен. Олар қызылшаның жас балада кездесетін жеңіл түрімен сырқаттанған», – деді Ғиният.

Денсаулық сауқтау министрі респираторлық вирус инфекциясының эпидемиологиялық маусымы жүріп жатқанына назар аударды.

«Тарап жатқан инфекциялардың арасында тұмау, тыныс жүйесінің тұмауы (парагрипп) сияқты түрлері бар. Күдікпен түскен өзге курсанттарға басқа диагноз қойылды», – деді Ғиният.

Өткен айда Қазақстанда қызылша ауруы өршіп кетті. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігін вакцинацияланбаған балалар болды. Қараша айында қызылша Қазақстанға жаппай тарады. Шымкент, Алматы қалалары арудың ошағына айналды.
Жағдайдың қаншалықты ушығып тұрғанын Денсаулық сақтау министрі Орталық коммуникациялар қызметінде антиваксерлерге берген жауабында айтты.

Сондай-ақ оқыңыз