Жаңалықтар

Дүниежүзілік банк Өзбекстанға 50 млн доллар жеңілдетілген несие береді

Фото: Спутник кз

Дүниежүзілік банк Өзбекстанға 50 млн доллар көлемінде жеңілдетілген несие береді.  Бұл қаражат «Өзбекстандағы цифрлық инклюзия» жобасын жүзеге асыру үшін қажет, деп хабарлады ҚазАқпарат .

Бұл жоба үкіметтің экономиканы цифрлық дамытуын қолдап, ауыл мен шалғай аудандардағы мыңдаған жастың цифрлық технологиялармен жұмыс істеу қабілетін арттырып, ақпараттық технологияға негізделген қызмет көрсету салаларында (ITES-қызмет) жұмысқа тұруға көмектеседі.

«Дүниежүзілік банк қолдайтын жаңа жоба Өзбекстанға экономикалық өсім, жұмыс орындарын құру және шетелдік инвесторларды тартуға ITES-қызмет секторын пайдалануға мүмкіндік береді. Оны ауылдық және шалғай аймақтарында тұратын 30 жасқа дейінгі мыңдаған жасты оқыту мақсатында Цифрлық технологиялар министрлігіне қарасты IT-Park жүзеге асырмақшы. Жоба аясында осы азаматтарды жұмысқа алған ITES-компаниялар түрлі жолмен ынталандырылып отырады», деп атап өтті Дүниежүзілік банктің Өзбекстандағы өкілдігінің басшысы Марко Мантованелли.

2029 жылы жоба аяқталатын уақытқа қарай, Өзбекстанның ITES-қызмет секторында 25 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады және 15 мыңдай адамның аралас салаларда жұмыс істеуге мүмкіндігі болады.