Жаңалықтар

Үкім өзгеріссіз қалды: сот Нұрлан Мәсімовтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады

Фото: gov.kz и shutterstock

Павлодар облысының соты Нұрлан Мәсімовке қатысты үкімді өзгеріссіз, ал апелляциялық шағымдарды қанағаттандырусыз қалдырды. Ол темір торда он жыл отырады.

Тараптардың ұстанымдары

Апелляциялық шағымда сотталғандар Мәсімов пен Сиразидимов және олардың қорғаушылары қылмыстық-процестік заңының елеулі түрдегі бұзушылықтарына байланысты үкімнің күшін жоюды және істі өзге құрамда жаңадан бірінші сатыдағы соттың қарауына жіберуді сұрады.

Сотталған Евкович қылмыспен келтірілген залалды, сондай-ақ іс жүргізу шығындарын және үкіммен өндіріп алынған өзге де сомаларды толық өтеді. Сондықтан ол үкімді өзгертуді және оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

Прокурор Мәсімов пен Сиразидимовқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдыруды, ал Евковичке қатысты – залалдың толық өтелуін ескере отырып, жаза мөлшерін өзгертіп азайтуды сұрады.

Апелляциялық сатыдағы соттың шешімі

Іс бойынша үкімнің күшін жоюға әкеп соқтыратын қылмыстық процестік заңының елеулі бұзушылықтары анықталған жоқ.

Осыған байланысты Мәсімов пен Сиразидимовқа қатысты үкім өзгеріссіз, ал апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды.

Евковичке қатысты үкім жаза бөлігінде өзгертілді: кінәні мойындауын, залалды толық өтеуін, соттылығының болмауын, алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылуын, отбасылық жағдайы мен оның жеке басы туралы оң деректерді ескере отырып, ҚК 55-бабының 4-бөлігі қолданылды және жаза мерзімі 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға төмендетілді.

Павлодар облысы полиция департаментінің залал сомасын өндіріп алу туралы азаматтық талап қоюы бойынша іс жүргізу оның толық өтелуіне байланысты тоқтатылды.

Қаулы заңды күшіне енді.