Қазақстанда 1,5 млн адам несиесін уақтылы төлемей жүр – ҚНРДА

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Закредитованность казахстанцев

Фото:

Қазақстанда 1,5 млн астам адамның несиесін уақтылы төлеуге шамасы жетпей жүр. ҚНРДА екінші деңгейлі банк, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлардың балансында 90 күннен кешіктірілген қанша проблемалық қарыз бар екенін анықтаған. Алдағы уақытта 3 ай бойы төленбей жүрген несиесі бар адамға жаңадан қарыз берілмеуі мүмкін.

ҚНРДА төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, 1,5 млн адамның мойнында банктер мен МҚҰ алдындағы төлем мерзімі 90 күннен кешіктірілген қарызы бар. Бірқатары коллекторларға өткен. Агенттік өкілі осы борышкерлердің қарыз жүктемесін азайту үшін әр банк, МҚҰ және коллекторлармен жеке жоспар жасалғанын айтады.

«Нақты борышкерлердің тізімі жасалды. Әр қаржы ұйымымен бірлесіп олардың қарыз жүктемесін қалай азайтатынын анықталды», деді ол.

Оның бірнеше жолы бар. Егер борышкердің несиесін төлеуге еш мүмкіндігі жоқ болса, банктер мен микроқаржы ұйымдары бұл қарызды кешірудің жолын қарастырады. Ал қарыз алушының қаржылық жағдайы уақытша қиындағаны анықталса, банктер бұл несиені қайта құрылымдауы қажет. Агенттік өкілі 2024 жылдың соңына дейін әр қаржы ұйымы 1,5 млн адамның ішінде өз борышкерімен жұмыс істеп, несие жүктемесін азайтуы керек деп тұжырымдайды.

Алдағы уақытта несиесін өтей алмайтын борышкерлердің қатары көбеймес үшін агенттік төлем мерзімі кешіктірілген несиесі бар адамға жаңа қарыз бермеуді заң жүзінде бекітпек. Борышкерге бұған дейін алған несиесін толық жаппайынша жаңасы берілмейді.

Сонымен қатар ҚНРДА тұтынушылық несие көлемін де шектемек. Өйткені тұтынушылық мақсатта деп 100 миллиондаған несие беріліп жатыр.

«Тіпті кейде мұндай мақсаттағы қарыз 1 млрд теңгеге дейін жетіп жатады. Бұл кәсіпкерлік мақсатта алынған қарыз болуы мүмкін. Халық одан ары қарызға батпас үшін тұтынушылық несиенің жоғары шегін белгілемекпіз», деді ол.

Қазіргі кезде Қазақстандағы жеке тұлғалар алған несиенің жалпы көлемі 18 трлн теңгені, ал қарыз алушылардың саны 8 миллион адамды құрайды. 

ҚНРДА басшысы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, соңғы 3 жылда тұтынушылық кредит беру сегментінде өсім байқалған.

«Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, 2021 жылдан бастап кепілсіз тұтынушылық кредиттердің орташа жылдық өсуі 33%-ды құрады. Соңғы 8 айда тұтынушылық кредит портфелі 9,2 трлн теңгеден асты», – деді М. Әбілқасымова.

Соның ішінде проблемалық қарыз деңгейі де өсіп, бұл көрсеткіш 5,2%-ға жетіп, 0,5 трлн теңгеден асқан.

«Мерзімі өткен кредиті бар қарыз алушылар саны 516 мың адамды немесе жалпы қарыз алушылар санының 7%-ын құрады», – деді М. Әбілқасымова.

 Осы 18,1 трлн теңге несиенің тең жартысы тұтынушылық кепілсіз несиеге тиесілі. Ал микроқаржы ұйымдары проблемалық қарыздардың 48%-ын коллекторлық компанияларға сатып жіберген. 2022 жылғы тамыздан бері проблемалық қарызды коллекторлық компанияларға жаппай сату есебінен микроқаржы ұйымдары іс жүзінде өз несие портфелін «жасанды түрде» 2 есеге жақсартып алған.

S&P Global Ratings агенттігі Қазақстан халқының 75 пайызында жабылмаған тұтынушылық несие бар деген.

Жақында ҚНРДА банктер мен микроқаржы ұйымдарының несие бюроларына нақты уақыт режимінде ақпарат беруін міндеттейтін құжатты ашық талқыға шығарды.

Сондай-ақ оқыңыз