Алатау қаласының бас жоспары: 4 аймақтан тұратын шаһар бой көтереді

Жарияланды
Алатау қаласы

Алатау қаласы 4 аймақтан тұрады / Фото құжаттан алынды

Алматы облысының Алатау қаласының бас жоспары әзірленді. Жобаланатын аумақты ұзақ мерзімді кешенді дамытуды айқындайтын негізгі қала құрылысы құжаты «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылды.

Алатау қаласын дамыту қандай мерзімде жүзеге асырылады?

Бас жоспарға сәйкес қаланы жобалау 4 кезеңге бөлінген.

  • бастапқы жыл – 2022 жыл;
  • бірінші кезек – 2030 жыл;
  • аралық кезең – 2040 жыл;
  • есептік кезең – 2050 жыл.

Алатау Алматы қаласының солтүстігіне қарай орналасады. Бұл орын Алматы қаласын «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығымен (Қытай) байланыстыратын маңызды дәліз саналады. Сонымен бірге А3 (Алматы – Қонаев) автомагистралі бойында орналасқан және «Жаңа Жібек жолы» бастамасының стратегиялық артықшылықтарына ие.

Алатау қаласы негізінінен 5 мақсатты қамтиды. Олар:

  • Ойын-сауық және туризм орталығы;
  • Экспортқа бағытталған сауда-логистикалық орталық;
  • Өмір сүру үшін ең қолайлы жағдайлар жасалған әлемдік деңгейдегі заманауи қала;
  • Тұрақты инфрақұрылымы бар қала;
  • Қолайлы инвестициялық аудан.

Қала қандай аймақтарға бөлінеді?

Алатау қаласының аумағы 4 негізгі аймаққа бөлінеді. Олар – Gate – қаржы және іскерлік орталығы; Golden – білім, ғылым және тамақ өнеркәсібі орталығы; Growing – өнеркәсіптік және логистикалық орталық; Green – туристік және ойын-сауық орталығы.

Әр аймақ экономикалық әлеуеті мен экономиканың тарихи қалыптасқан салалық құрылымына сай ерекшеленетін болады. Жоспарда аймақтың экономикалық мамандандырылуын негізге ала отырып, аумақты барынша тиімді дамытуға мүмкіндік беретін қажетті инфрақұрылымдық, ғылыми-білім беру, өнеркәсіптік және өзге де объектілердің тізбесі айқындалған.

Gate ауданы – Алматы қаласының солтүстік бағыттағы табиғи жалғасы болады, іс жүзінде, жұмыс орындарын құру, тұрғын үй салу және бос уақытты өткізу орындарының арқасында халықты тартудың жаңа орталығы болады. Gate Лондон, Нью-Йорк, Сингапур қалаларымен ұқсастығы бойынша халықаралық деңгейде қаржылық қызметтердің кең спектрін ұсына отырып, Қазақстанның ғана емес, Орталық Азия өңірінің де жаңа қаржы және іскерлік орталығына айналады деп болжануда.

Golden ауданы – Қазақстанның өңірлерінен де, әлемнің түкпір-түкпірінен де ондаған мың студенттерді, ғалымдар мен туристерді тартатын елдің ғылыми-білім беру және медициналық орталығына айналады деп болжануда. Бұл жобаны ғылым және білім саласында іске асыру өңірге Қазақстанда көшбасшы болу ғана емес, оны Орталық Азияның негізгі ғылыми-білім беру хабына айналдыруға мүмкіндік береді. Студенттер санын 40 мыңға дейін жеткізу жоспарлануда.

Бұл ауданда заманауи ғылыми және медициналық мекемелердің ашылуы ауруларды диагностикалау және емдеу бойынша қызметтер көрсетуге ғана емес, әлемдік медициналық орталықтармен ынтымақтастық арқылы отандық медицинаның дамуына үлес қосады. 927 және 937 төсектік 2 көпсалалы клиниканы орналастыру ұсынылады.

Сонымен бірге бұл жерде академиялық қалашық пен медициналық кластер ашылады.

Growing ауданында – мамандандыру салалары өнеркәсіп пен логистикаға мән біреледі. Growing ауданында тамақ өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі, металлургия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп сияқты түрлі салаларда жобалар іске асырылатын болады. Сондай-ақ білікті кадрлардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін өнеркәсіптік кәсіпорындармен тығыз байланысты оқу орындары ашылады.

«Өнеркәсіпті дамытудың қосымша драйвері ірі көліктік-логистикалық сектор болуға тиіс: аудан аумағында қуаттылығы жылына 40 млн. жолаушыға арналған елдегі ең ірі халықаралық әуежайдың, сондай-ақ мультимодальды жүктерді өңдеуге арналған құрғақ порттың құрылысы жоспарлануда», – делінген құжатта.

GREEN District

Бұл ауданда келешекте рекреациялық-ойын-сауық және спорттық сипаттағы қызметтердің кең спектрі ұсынылады. Солайша бұл аймақ негізінен туристік кластердің бір бөлігіне айналмақшы. Ол үшін бірқатар ауқымды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жер тек жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, елдің түкпір-түкпірінен келген туристер, сондай-ақ шетелдік туристер үшін де тартымды орынға айналады.

Курорт кешені – Казино. Ойын қызметі Green District қызметінің негізгі бағыттарының біріне айналады. Бұл жерге болжам бойынша шамамен 2 миллиард әлеуетті қонақ келе алады. Green District әлеуетті туристерге әлемдік деңгейдегі құмар ойындар мен ойын-сауық үшін орын ұсынудың тамаша мүмкіндігіне ие.

Ойын-сауық және аттракцион саябақтары. Тақырыптық саябақтар да осы аймақты жастар үшін тартымды етпек. Бұл жер халықтың барлық топтарына арналған әмбебап кешенге айналады.

Жарыс трассасы. Green District-те Алатау қаласының зәкірлік және негізгі туристік орындарының біріне айналатын F1 жарыс трассасын салу жоспарланып отыр. F1 жарыс трассасы жылына бірнеше жарыс іс-шараларын, сондай-ақ жақын аренадағы басқа іс-шаралар мен концерттерді өткізе алады. Сонымен қатар, жарыс іс-шараларында әдетте көптеген кішігірім іс-шаралар қамтылады және 2-3 күнге созылатындықтан бұл аймақта қонақ үй бизнесін дамыту жоспарланған. Green District-те орналасқан бірегей объектілерге келушілерге қызмет көрсететін қонақ үйлердің ашылуы бұл салаға жаңа серпін бермек.

Жобаға сәйкес қала газбен, жылумен, сумен, жарықпен, байланыс және телекоммуникациямен қамтамасыз етіледі.

Еске сала кетсек, осыған дейін Алматы облысында жаңа Алатау қаласы пайда болатыны туралы жазғанбыз. Үкімет жоспары бойынша бұл қала Дубай, Сингапур, Тяньцзинь үлгісіндегі шаһар болмақ. Алатау қаласы отандық және шетелдік инвестицияларды тарта отырып, жаһандық стандарттар бойынша жұмыс істейтін халықаралық бизнес-хабқа айналуға тиіс. Бұл ретте, Дубай, Сингапур, Тяньцзинь және т.б. сияқты әлемнің әйгілі орталықтарын құру тәжірибесі негізге алынбақ.

Сондай-ақ оқыңыз