Жаңалықтар

Газа секторынан эвакуацияланған отбасылар қайда тұрып жатыр – Еңбекмині жауап берді

Газа секторынан эвакуацияланғандар қайда тұрып жатыр?
Олар елдің солтүстігінде қоныс аударғандар мен тұрғындар үшін салынған баспанаға орналасудан бас тартты / Фото: shutterstock

Газа секторынан эвакуацияланған Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекет Солтүстік Қазақстан облысынан баспана ұсынған. Бұл жайлы Курсивке Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Ведомствоның хабарлауынша, Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс өршіп кеткен соң, Газа секторынан бас-аяғы 99 адам арнайы ұшақпен Мысырдан Қазақстанға жеткізілген. Олардың 72-сі Қазақстан азаматы, 27-сі шетел азаматы.

«Газадан келген азаматтардың көбісі бір кездері Алматыда білім гранты бойынша оқыған Палестинадан келген студенттерге тұрмысқа шыққан әйелдер. Олар осы жылдар ішінде Қазақстан азаматтығынан бас тартпаған. Консулдық тіркеуден өтіп, төлқұжаттарының жарамдылық мерзімін ұзартып отырған. Көпшілігі балаларына да Қазақстан Республикасының азаматтығын беріп отырған», – дейді Көші-қон комитетінің бейінді департаментінің басшысы Тимур Көшімбетов.

Министрлік өкілінің айтуынша, келгендердің арасында 20-60 жас аралығындағы 20 ер адам мен 46 әйел адам бар. Сондай-ақ 5 пен 18 жас аралығындағы 33 бала келген.

Эвакуацияланғандарға алғашқы кезде Алматыдан «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығынан орын берілген. Бұл жерде оларға психологиялық және құқықтық көмек көрсетілген. Кейін олардың басым бөлігі туыстарына қоныстанған. Қалғандарына Солтүстік Қазақстан облысына «Еңбек» бағдарламасы бойынша қоныс аударғандар мен қандастар үшін салынған тұрғын үйден баспана ұсынылды.

«Біз бұл мәселелерді әкімдіктермен бірге пысықтап, облыс орталығынан 40 шақырым жерден барлық тұрмыстық жағдайы жасалған екі үй таптық. Олар көмір, киім-кешек, ыдыс-аяқ және т.б. қамтылған. Сондай-ақ оларға көмек көрсететін демеушілерді де таптық. Бірақ олар көшуден бас тартты. Алайда ешкім көмексіз қалған жоқ, барлығы алыс туыстарында немесе достарында қалды», дейді Көшімбетов.

Еңбек министрлігінің мәліметі бойынша Алматы қаласында 79 азамат (15 отбасы), Алматы облысында бір отбасынан 11 азамат, Семей қаласында бес азамат (бір отбасы) және Қызылордада төрт азамат (бір отбасы) тұрып жатыр.

Көшімбетовтың айтуынша, шетелдік азаматтар кейін Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алады. Яғни 27 шетел азаматының сегізінде жарамды Палестина төлқұжаты, 19-ында уақытша Бірыңғай жол жүру құжаттары бар. Оларға Қазақстандағы Палестина елшілігі арқылы жаңа құжат алуға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуына немесе елде уақытша тұруына мүмкіндік беріледі.

Еңбек министрлігі әкімдіктер қазір барлық келген азаматөа көмек көрсетіп жатқанын айтты. Атап айтқанда, оларға тұрғылықты жері бойынша тіркеліп, электронды қолтаңба алу, балаларды мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерге, оның ішінде араб тілінде оқытатын ұйымдарға тіркеу, медициналық көмек көрсету үшін емханаларға тіркеу, жұмыс табу, сондай-ақ қажет болған жағдайда кәсіптік оқудан, қайта даярлаудан немесе біліктілігін арттырудан өту, Қазақстанның тілі, тарихы, мәдениеті мен дәстүрлері және заңнама негіздері бойынша курстардан өту, азаматтық алу және тиісті құжаттарды дайындау бойынша заңгерлік кеңес алу қызметтері ұсынылып жатыр.

Еске сала кетсек, 26 қазан күні Газада қалып қойған қазақстандықтардың туыстары арнайы брифинг өткізіп, Тоқаевтан көмек сұрады.

Ал 13 қарашада қазақстандықтарды Газа секторынан эвакуациялау басталды. Ол кезде , Газа секторынан өз азаматтарын Қазақстаннан басқа Маракко, Иордания, Ресей, Испания және Швеция, Нидерланды, Перу, Ұлыбритания, АҚШ эвакуациялады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Палестинаға қосымша гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды. Гуманитарлық көмекке жалпы салмағы 38 тоннадан асатын азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар кіреді.