Қар, боран және көктайғақ: құтқарушылар Астана тұрғындарын сақ болуға шақырды
«Қазгидромет» РМК синоптиктерінің болжамынша 1 желтоқсанда Астанада қарлы боран, көктайғақ және қатты жел болады. Осыған орай, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын көшеде жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырды.
Синоптиктердің болжамынша, 1 желтоқсанда Астанада оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с жетіп, қарлы боран соғады.
Осыған байланысты Елордада коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
«Желтоқсанның 1-і күні таңертеңнен бері қала көшелерін қар мен мұздан тазартуға 2 мыңнан астам жол қызметкері мен 1000-ға жуық арнайы техника шықты. Ең алдымен, орталық көшелерде, жолаушылар көлігі бағыттарында, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолында тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлайды әкімшіліктің баспасөз қызметі.
Қыстың бірінші күні қалған өңірлерде де ауа-райы күрт бұзылып күн суытты. Қостанай облысының басым бөлігінде қар жауып, көктайғақ, бұрқасын күтіледі. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 23-28 м/с дейін жетуі мүмкін.
3 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысының басым бөлігінде қар жауып, көктайғақ пен бұрқасын күтіледі.
Батыс Қазақстан облысының басым бөлігінде көктайғақ күтіледі. Түнде және таңертең облыстың батысында және солтүстігінде тұман түседі деп болжанып отыр. Оралда да 1 желтоқсанда түнде және таңертең көктайғақ болып тұман түседі.
ШҚО мен Абай облысында да қатты жел соғып, соңы тұман мен көктайғаққа ұласады.
Ал оңтүстік өңірлерде Жамбыл облысының таулы аймақтарында күн суытып, тұман түседі. Жел екпіні 23 м/с дейін жетуі мүмкін.