Жаңалықтар

Ақылы жолдарда жүру ақысы 7 күн ішінде төленуге тиіс, 8-ші күні айыппұл салынады – Көлік министрлігі

Ақылы жолдар үшін қашан айыппұл салынады/ фото: pixabay.com

Ақылы автомобиль жолдарында жүру ақысы 7 күн ішінде төленуге тиіс. Өйткені, 8-ші күні айыппұл салынады. Көлік министрлігі осындай ескерту жасады.

Министрлік дерегінше, төлем жасаудың 20-дан астам әдісі қарастырылған. Атап айтқанда, QAJ mobile мобильді қосымшасы, Kaspi.kz, Kiwi-әмиян, Forte Bank арқылы және т.б.

Айыппұл мөлшері. Бір апта ішінде тиісті төлем жасалмаса, 8-ші күні «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 628-бабына сәйкес айыппұл есептеледі. Оның көлемі жеке тұлғалар үшін – 5 айлық есептік көрсеткіш, заңды тұлғалар үшін – 10 АЕК-ті құрайды.

2023 жылы 1 АЕК – 3 450 теңгеге тең.

Айыппұл салынбас үшін автокөлік иелері мен жүргізушілер ақылы автомобиль жолымен (учаскесімен) жол жүру ақысын уақтылы төлеуі ескертілді.

«Сонымен бірге берешектері бар автокөлік иелерін тарифке сәйкес қарыздарын өтеуге шақырамыз», делінген хабарлама.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, қазір 3 200 шақырым ақылы жүйе енгізілген. Осы жолдардан биылғы 11 айы ішінде 26 млрд 500 мың теңге қаражат түсті.

«Келесі жылы 1 200 шақырымға ақылы жүйе енгізу жоспарланып отыр. 2029 жылы ақылы жолдар көлемі 11 000 шақырымға дейін жетеді», – деді министр.

Министр Қазақстандағы ақылы жолдар тарифі осы аймақтағы ең төмен тариф екенін атап өтіп, жол ақысын қайта қарау жөнінде жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтқан болатын.