Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшысы Руслан Жақсылықовқа қазақстандық бітімгерлердің БҰҰ миссияларына қатысу әлеуетін арттыруды тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қорғаныс ведомствосының биылғы атқарған жұмыстарының қорытындысы және әскердің жауынгерлік дайындығына қатысты жаңа тәсілдер, оқу базасы мен полигондардың жай-күйі туралы баяндалды.
Президент қандай тапсырма берді. Президент БҰҰ миссияларына қатысу үшін қазақстандық бітімгерлердің әлеуетін арттыру қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, отандық қорғаныс кәсіпорындарымен өзара іс-қимыл жасауды, аумақтық қорғанысты дамытуды және әскери-патриоттық жұмысты күшейтуді тапсырды.
БҰҰ басшылығына сәйкес жіберілетін әскери персоналға қойылатын талаптар:
1. Ұлттық контингент үшін (әскери персонал):
- ҚР ҚК қатарындағы қызмет мерзімі-кемінде 3 жыл ;
- жасы-21-тен 50 жасқа дейін;
- әскери атақ – бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларға қатысу үшін қалыптастырылатын бітімгершілік бөлімшесіндегі атқаратын лауазымына байланысты;
- денсаулық жағдайы-климаттық жағдайлары қолайсыз жерлерде қызметке жарамдылық;
- моральдық-психологиялық және дене жағдайы-қанағаттанарлық;
- ағылшын тілін меңгеру-әскери терминологияның ағылшын тілінің мамандандырылған деңгейі (STANAG/ IELTS);
2.Әскери бақылаушылар және/немесе штаб офицерлері үшін:
- ағылшын тілін білу, IELTS 4,5 немесе STANAG 3333 не TOEFL 566 (86) деңгейінен төмен емес;
- денсаулық жағдайы – климаттық жағдайлары қолайсыз (ыстық) жерлерде қызметке жарамдылық;
- қанағаттанарлық моральдық-психологиялық және дене бітімінің жай-күйі;
- жасы 25-тен 55-ке дейін;
- ҚР ҚК-да қызмет өткеру мерзімі кемінде бес жыл;
- жүргізуші куәлігінің болуы және механикалық беріліс қорабы бар автомобильді жүргізу дағдылары;
- капитан, майор, подполковник және полковник (генералдар – ерекше жағдайларда сұрау салу бойынша) әскери атағының болуы.