ЕО-дағы алауыздық салдарынан Украина 50 млрд еуро көмектен қағылуы мүмкін
Фото: kursiv.media
Еуроодақ елдерінің басшылары Украина еліне бұған дейін уәде еткен 50 млрд еуро көмекті бермеуі мүмкін. Оған Одаққа мүше елдердің қаржыға қатысты бір келісімге келе алмауы себеп. Украинаға көрсетілетін көмектің жаңа пакетін келісуге Нидерландыдағы сайлауда оңшыл «Еркіндік партиясының» жеңуі, неміс сотының үкіметтің қарыз алуын шектеуі, оған қоса Венгрия ұстанымы кедергі келтіріп тұр. Бұл туралы Financial Times (FT) газеті жазады.
Еуро Одақ неге келісімге келе алмай отыр?
Басылым ЕО-ға мүше елдер одақтың жалпы бюджеті, оның ішінде Украинаға бөлінетін 50 млрд еуро туралы келісімге келе алмағанын жазады. Бюджет келісімі өткен айда Нидерландыда өткен сайлауда оңшыл партияның жеңіске жетуі және жақында Германия соты үкіметтің қарыз алуын шектеу туралы шешімі салдарынан қиындап тұр.
«Келісімге қол жеткізу өте қиын болады», – деді FT дереккөзі.
Өз кезегінде, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Украинаның ЕО-ға мүшелігі туралы келіссөздердің басталуына тағы да вето қоюға уәде беріп, бұл «бірнеше мемлекеттің мүддесіне қайшы келетінін» және «Украина Одаққа тек көп жылдан соң кіруі мүмкін» екенін айтады. Орбан Украинаны қаржыландыруға да қарсы. Еуроодақ дипломаттары «бұл жолы Венгрия көшбасшысы ымыраға келуі қиын» деп санайды.
Украина АҚШ пен Еуропаның қолдау пакетіне қатысты белгісіздігі елдің «макроқаржылық тұрақтылығына» қауіп төндіретінін ескертті. Еуроодақ ұсынып отырған 50 млрд еуро Киевтің төлем қабілетін 2027 жылға дейін сақтауға арналған.
Еуроодақта бүкіл шешім бірауыздан қабылданады. Егер одақ елдерінің бірі бұл бастамаға қарсы болса, шешім қабылданбауы мүмкін. Қарашаның соңында Еуропалық кеңес басшысы Чарльз Мишель Орбанмен Украинаға қатысты жалпыеуропалық жоспарды бұзбау жайын сөйлесу үшін Венгрияға арнайы сапармен барды. Венгрия басшысының айтуынша, ЕО-ның өзінде бұл мәселе бойынша консенсус жоқ.
АҚШ қанша қаржы бермек?
Қараша айының соңында АҚШ президенті Джо Байден үкіметті уақытша қаржыландыру туралы заң жобасына қол қойды. Онда Израиль мен Украинаға көмек көрсету қарастырылмаған. Заң жобасы ұзақ мерзімді жоба бойынша келіссөз жүргізіліп жатқан кезде мемлекеттік қаржыландыруды қазіргі деңгейде тағы үш ай ұстап отырады.
Қазан айында Байден АҚШ Конгресінен Украинаға бір жылға 61,4 миллиард доллар, сондай-ақ Израильдің қорғанысын нығайту үшін 14,3 миллиард доллар көлемінде қаржылай көмек сұрады.
Ал Өкілдер палатасы тек Израильге көмек бөлуге дауыс берді. Алайда демократтардың көпшілігін құрайтын Сенат бұл бастамаға тосқауыл қойды. Байден Конгрестің тек Израильге көмек беруді көздейтін заң жобасын қабылдамайтынын айтты.
Бұған дейін АҚШ үкіметінде конгресмендер Украинаға қаржылай көмек көрсетуге қатысты келіспеушіліктен, бюджет туралы келісімге келе алмаған болатын. Содан кейін Байден АҚШ-тың уақытша бюджетін бекітті, онда Украинаға көмек қарастырылмаған.