Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының жартысын жеке компанияларға бере алады, алайда бұған асығар емес

Жарияланды

Қазақстандықтардың жеке компаниялардағы жинақтары қанша/shutterstock.

2023 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы қоры салымшыларының өз зейнетақы жинақтарының 50%-ына дейінгі соманы жеке басқаруға беру құқы пайда болғанына қарамастан, БЖЗҚ портфелінде жеке ИПБ үлесі 1%-дан аз. Бүгінгі күні бұл шамамен – 8,6 трлн теңге. Биылғы жылы көптеген басқарушы компания БЖЗҚ-ға қарағанда жақсы табыстылық көрсетіп отыр. 

Қараша айының басында бес басқарушы компанияның (ИПБ) басқаруындағы зейнетақы активтері 13,3 млрд теңге болған (инвестабысты қосқанда). Жыл басынан бері көрсеткіш 4 млрд теңгеге (+42%) өсіп, БЖЗҚ-дан ИПБ портфеліне түскен  таза ағын 3 млрд теңге болды.

«Жаңа» ақшалардың негізгі бөлігі ИПБ-ға 2023 жылдың 1 шілдесінен кейін келді, сол кезде зейнетақы жинақтарының жартысына дейін басқарушы компанияларға аудару мүмкіндігін беретін Әлеуметтік кодекстегі түзетулер (түзетулерге дейін ИПБ-ға ең төменгі жеткілікті шегінен жоғары сома ғана аударылуы мүмкін болған)  күшіне енген.  БЖЗҚ мәліметі бойынша, 2023 жылдың шілде-қазан айлары аралығында 4 230 қазақстандық осы құқықты пайдаланып, 5,5 млрд теңгеге жуық қаражатты жеке компанияларға аударған (бірінші жартыжылдықта зейнетақы жинақтарының ИПБ-дан БЖЗҚ-ға кетуі байқалды, сондықтан жыл басынан бергі таза ағынның мөлшері келген ақша ағынынан аз).

Қаражаттың басым бөлігі Halyk Finance-ке аударылды. Дегенмен, Halyk Finance басқарма төрағасының орынбасары Әділ Табылдиев БЖЗҚ-дан ИПБ-ға аударылған ақша көлемі қазақстандықтардың 17 трлн теңгеден асатын зейнетақы жинақтарының жалпы сомасымен салыстырғанда әзірге аз екенін айтып отыр.

Селқостық

БЖЗҚ салымшылары өздерінің зейнетақы ақшаларының жартысын жеке басқарушы компанияларға аударуға асықпайды, оған бірнеше себеп бар деп есептейді нарық қатысушылары.

«Мемлекет басшысының бастамасы аясында өткен екі жылда халық өзінің зейнетақы жинақтарының көп бөлігін баспана жағдайын жақсартуға және емделуге жұмсады», – деп еске салады BCC Invest.

Зейнетақы реформасы басталған уақытта бұл мақсаттарға БЖЗҚ-дан 3,71 трлн теңге аударылған. Басқарушы компания сарапшылары қалған ақша бастапқы қалпында БЖЗҚ шоттарында сол қалпы жатқанын айтып отыр.

«Қазақстандықтардың көбісі БЖЗҚ-дағы зейнетақы аударымдарына бір салық сияқты қарайды, яғни еңбек жалақысынан ақша аударылады, бітті, қалған уақытта ол ақшаның жайы оларды қызықтырмайды. Зейнетақы жинақтарын басқаруға болатынын және басқару керектігін, оның ішінде жеке басқарушы компаниялардың басқаруына беру арқылы басқаруға болатынын көбі біле бермейді», – дейді Әділ Табылдиев.

UD Capital активтерді басқару департаментінің директоры Дамир Сейсебаевта бұл пікірмен келісіп, көптеген қазақстандықтың өзінің зейнетақы жинақтары мәселесіне бей-жай қарайтынын айтты. Салымшыларды тарту үшін біршама шығындалу керек, жарнамаға, штатқа адам алуға ақша шығару керек. Бұл тұрғыдан алғанда БЖЗҚ жеке басқарушы компанияларды ұтып кетеді. Сейсебаев тіпті кейбір басқарушы компаниялардың комиссиялары бұл шығындарды жабуға жетпеуі мүмкін екенін алға тартты.

Әділ Табылдиев аталған себептердің қалай болғанда да БЖЗҚ салымшылармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен байланысты екеніне тоқталды. Ол ең басты мәселе халықтың бұл жайында хабары аз және жалпы қаржылық сауаттылықтарының төмен екенімен байланыстырады. Нарық қатысушылары маркетингтік науқан жүргізіп, әлеуетті клиенттермен кездесу өткізіп, өздерінің корпоративтік интернет-сайттарында ақпарат береді және т.б бар. Алайда бұл аз.

Сенім мәселесі

Зейнетақы активтерінің жаппай жеке ИПБ-ға көшпеуіне жеке компанияларға деген сенімнің жоқтығы да себеп. DAMU Capital Management консалтингтік фирмасының бас директоры Мұрат Қастаев қазақстандықтардың ақшаларын жекеменшік ЖЗҚ-ларға, үлестес компанияларға салып немесе сәтсіз салым жасап ауыздары күйгенін еске салды.

«Әрине, сол кезден бері реттеу сапалы жаңа деңгейге шыққаны, сөзсіз. Алайда мемлекеттік БЖЗҚ-ға деген сенім жоғары, себебі қазір салымшылар табысы аз болса да, сенімді отырғанды жөн көреді», – деп түсіндірді сарапшы.

Еске сала кетер болсақ, БЖЗҚ-да сақталған зейнетақы жинақтарының табыстылығы инфляциядан төмен емес, мемлекет кепіл береді. Ал ИПБ-да болса мұндай кері айырмашылық жеке компаниялардың өз қалтасынан өтеледі.

2023 жылдың он айының қорытындысы бойынша жеке басқарушы компаниялардың басым бөлігі табыстылық бойынша БЖЗҚ-ны (ҚР ҰБ басқаруында) басып озды. Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің табыстылығы 2023 жылдың басынан бері инфляция 7,9% болғанда 7,98% болды. ИПБ-ның орташа табыстылығы 10,81%. 

Жыл басынан бері зейнетақы активтерін басқарушылар арасында ең жоғары табыстылық Halyk Global Markets-те – 14,17% және Halyk Finance-те – 12,74%. BCC Invest басқаруындағы зейнетақы активтерінің табыстылығы 10,24% болды, ал Jusan Invest-те – 9,01%. Ұлттық банкке қарағанда табыстылығы аз болып отырған жалғыз ойыншы – бұл Сентрас Секьюритиз». Бұл компанияның зейнетақы активтерінің табыстылығы жыл басынан бері 7,89%-ды құраған.

«Салымшылардың зейнетақы жинақтарының жартысын аудару мүмкіндігі тек бірнеше ай ғана ашық болады, бұл ұзақ әрі негізгі процесс және жеке ИПБ-лардың үлесі бірте-бірте өседі, әсіресе, компаниялар біршама жоғары табыстылықты тұрақты көрсететін болса. Зейнетақы ақшасы – бұл ұзақмерзімді капитал, сондықтан оның табыстылығын барынша ұзақ уақытпен салыстыру керек, ал қысқа уақыт аралығында табыстылық бойынша көшбастап тұрған компаниялар үнемі ауысып тұрады», – деп атап өтті DAMU Capital Management бас директоры.

Жалпы алып қарайтын болсақ, басқарушы компаниялардың стратегиясы ұқсас және басқару стилі бойынша сараланбаған, бұл қазіргі нормативтік талаптарда жазылған. Дегенмен басқарушы компаниялардың портфелінде айырмашылық мүлде жоқ емес, мұны валюталық құралдар мен шетелдік эмитенттердің бағалы қағаздары үлесінің жоғарырақ болуынан көруге болады. Ал БЖЗҚ шетелдікке қарағанда қазақстандық бағалы қағаздарға көбірек салады.

«Атап айтқанда, бұл маған жеке ИПБ-ны таңдау үшін негізгі фактор болды. Сол себепті өзімнің жинағымның 40%-ын (оны қазіргі бес ИПБ-ның ішінен төртеуіне бөліп салдым) жеке ИПБ-ға аудардым және  60%-ын БЖЗҚ-да қалдырдым. Жеке ИПБ-дағы үлесімді біртіндеп өсіремін. Айтпақшы, бұл өте тиімді екенін айтқым келеді. Егер бұрын жеке ЖЗҚ-ға жинағыңның барлығын аудару керек болған болса, ал қазір қаражатты БЖЗҚ  мен бірнеше ИПБ арасында бөліп салу мүмкіндігі, оның ішінде өзің үшін тәуекел мен табыстылықтың тиімді ара қатынасын таңдауға болады», – деп атап көрсетті Қастаев.

Қазіргі таңда барлық ақпарат өте ашық және қолжетімді – БЖЗҚ сайтында әрбір ИПБ-ның инвестициялық стратегиясын, қайда салатынын көріп, инвесторға қолайлы ИПБ мен стратегияны таңдауға болады.

«Мемлекет ИПБ шотына зейнетақы активтерін өзі аудармайтынын да айтып өту керек, яғни барлық зейнетақы жинағы БЖЗҚ-да сақтала береді, ал жеке ИПБ-ға тек оларды басқару құқығы ғана беріледі. Былайша айтқанда, басқарушы компания зейнетақы ақшасын шоттан шешіп алып, қашып кете алмайды. Сондықтан қаражаттың сақталуы тұрғысынан қазіргі жағдай бұрынғы қаражат тікелей жеке ЖЗҚ-ның толық басқаруына беріліп және олар оны теріс пайдаланып кеткенге қарағаннан анағұрлым жақсы», – деп топшылайды сарапшы.

Неге тек бес компания

Бүгінгі күні Қазақстанда инвестициялық портфелді басқарушы 20 компания жұмыс істейді, ал зейнетақы активтерін сенімгерлік басқарумен оның тек бесеуі ғана айналысады. Зейнетақы активтерінің ең көбі Jusan Invest-те – 4,7 млрд теңге. Екі компания Halyk атынан ұсынылған, олар – Halyk Finance және Halyk Global Markets (сәйкесінше 2,73 және 2,79 млрд теңге). BCC Invest басқаруында 2,13 млрд теңгенің зейнетақы активтері бар. Басқаруындағы зейнетақы ақшасы аз компания – «Сентрас Секьюритиз», бұл компанияда 1 млрд теңгеге жетер-жетпес ақша бар.

Зейнетақы активтерін басқару үшін ИПБ жекелеген пруденциялық нормативтерге сәйкес келіп – өзінің капиталы айтарлықтай болу керек. Себебі зейнетақы активтері бойынша төмен  табыстылықты ИПБ өз капиталы есебінен өтеу керек болады. Қолданыстағы нормативтер бойынша зейнетақы активтерін басқарушы үшін өз капиталының ең аз мөлшері (ЗКАМ) 1 029 000 айлық есептік көрсеткіштен (2023 жылы 3,4 млрд теңге) төмен болмау керек. Бүгінгі таңда аталған критерийге қазіргі зейнетақы активтерін басқарып отырған бес компанияны қоса алғанда, жиырма басқарушы компанияның тоғызы сәйкес келеді.

Қалған төрт компания БЖЗҚ-мен келісім-шарт жасауға асығар емес. «Соған қарағанда, барлығы бірдей зейнетақы активтерін басқаруда өзі үшін мүмкіндік көрмейтін сияқты», – деп талқылайды Дамир Сейсебаев. Сондай-ақ ол UD Capital зейнетақы активтерін басқаруға қатысу мүмкіндігін қарастырып жатқанын да тілге тиек етті.

Қазіргі жұмыс істеп тұрған ИПБ-лардың зейнетақы активтерін басқаруға қатысуы олардың негізгі қызметі емес екенін атап кету керек. Басқарушылардың зейнетақы активтері бойынша инвестициялық табыстардан түскен комиссиясының жиынтық көлемі 2023 жылдың тоғыз айында 62,4 млн теңге болды, бұл аталған компаниялардың комиссиялық табыстарының жалпы көлемінің бар болғаны 1,7%-ы. Жыл басынан бері зейнетақы активтерінен бәрінен де көп ақша тапқан Halyk Global Markets, яғни 24,3 млн теңге кіріс көрген, бұл басқарушы компанияның барлық комиссиялық табысының 80,3%-ы. Алайда бұл ерекше жағдай болуы мүмкін, өйткені Halyk Group зейнетақы активтерін басқару бойынша бизнесін Halyk Finance сияқты ірі компанияның негізінде шоғырландыруды жоспарлап отыр. Қалған компанияларда зейнетақы активтерін басқару бойынша инвестициялық табыстан түсетін комиссияның үлесі комиссиялық табыстардың жалпы көлемінде 0,2-6,4% аралығында өзгереді.

Мемлекеттің ИПБ-ға қатысты талаптары алдағы уақытта өзгеруі мүмкін. ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бір ай бұрын тиісті жоба қаулысын ашық талқылауға шығарды. Жоба басқарушы компанияның өз капиталының ең аз мөлшерін 440 мың АЕК-ке дейін төмендетуді қарастырады. Аталған өзгеріс ықтимал басқарушы компаниялар санын арттырып 15 компанияға дейін жеткізуі мүмкін.

«Менің ойымша, қазір ИПБ саны жоқ дегенде жеті-сегізге жетуі мүмкін, яғни тағы 23 ойыншы тиісті лицензияны алуы мүмкін. Ірі ойыншылардан ИПБ секторына «Фридом», Forte және Kaspi кіре алар еді, алайда олар нарыққа қатты әсер етеді. «Фридом» және Kaspi-дің қазіргі жағдайын ескерсек (брендтердің күші мен үлкен клиенттік базаға қол жетімділігін ескере отырып) олар зейнетақы активтерінің айтарлықтай бөлігін алады», – деп есептейді Мұрат Қастаев.

Қазір ИПБ үшін нарықтық бенчмарктерді қолдану, жеке стратегияларды (консервативті, қалыпты, агрессивті) пайдалану мүмкіндігі талқыланып жатыр. Бұл болашақта әлеуетті клиенттерге олардың инвестициялық стилін ескере отырып, басқарушы компаниялар арасын саралауға мүмкіндік береді, олар тек ИПБ бренді мен кірістілікке негізделмейді, деп жазады BCC Invest сарапшылары.

ИПБ зейнетақы ақшасының қаншасын алуы мүмкін

Жоғарыда айтылғандай, БЖЗҚ салымшылары жекеменшік басқаруға зейнетақы жинағындағы қаражатының 50%-ына дейін аудара алады. Ал бұл шамамен 8,6 трлн теңге. Егер қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын жеке инвестициялық компанияларға жаппай аудара бастаса, олар пруденциалдық нормативтер бойынша шығара ала ма? Пруденциалдық нормативтердің қолданыстағы нұсқасына сәйкес инвестициялық басқарудағы зейнетақы активтерінің көлеміне шектеу қойылмаған.

ИПБ өз капиталымен зейнетақы қорының салымшысы алдында жауап береді. Жоғарыда көрсетілген жоба қаулысына сәйкес өз капиталының ең аз мөлшері деңгейін төмендетумен қатар ұйым үшін капиталдың жеткілікті коэффицентін есептеу де өзгереді. Формулаға «зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға байланысты операциялық тәуекел» деген жаңа компонент қосылады. Ал бұл инвестициялық басқаруда басқарушы компанияның параметріне қарай активтер мөлшерін шектейді.

«Курсивтің» есептеуі бойынша, аталған жаңа ережеге сәйкес қазіргі жұмыс істеп тұрған ИПБ ағымдағы көрсеткішімен басқаруға 2,49 трлн теңге зейнетақы ақшасын ала алады. Бұл ИПБ-ның қазіргі басқарып отырған зейнетақы активтері көлемінен 187 есе көп.

Әлеуетті түрде тағы алты басқарушы компания зейнетақы активтерін басқаруды өз қолына ала алады және бұл ретте пруденциалдық нормативтерге де сай келе алады (меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициентінің рұқсат етілген деңгейі бойынша). Бұл «Фридом Финанс»,  NGDEM Finance, «Евразиялық Капитал»,  ForteFinance, ИД «Standard» және ИД «Астана-Инвест». Осы компанияларды ескеретін болсақ, ИПБ басқаратын зейнетақы активтерінің максималды мөлшері 3,86 трлн теңгеге дейін артады. Оның үстіне негізгі өсім «Фридом» есебінен болады. Айтылғандардың барлығын қорытындылай келе, инвестициялық компаниялар қазіргі көрсеткіштерімен қазақстандықтардың барлық зейнетақы жинақтарының 50 пайызын қабылдай алмайтынын көруге болады. 

Halyk Finance ірі басқарушы компаниялардың бірі ретінде басқарудағы зейнетақы активтерінің көлемін екі ретке, яғни ағымдағы көлемдерден 100 есеге, 300–400 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға еш қиналмастан төтеп береді. Алайда егер шот жүздеген миллиард теңгеге жетсе, онда көптеген басқарушы компанияға капитал құю қажет болуы мүмкін, деп атап өтті Әділ Табылдиев.

Сарапшылар мемлекет зейнетақы нарығын дамытуға үлкен қадам жасағанын және уақыт өте келе капиталдың басым бөлігі жеке ИПБ-ға көшетінін, ал бұл бәсекелестікті ынталандырып, жалпы қаржы нарығын дамытатынын атап өтті. Зейнетақы активтерінің жекелеген ИПБ басқаруына өтуі мемлекеттің өзіне тиімді, себебі зейнетақы активтерін ИПБ басқаруына беру арқылы олардың табыстылығына қатысты жауапкершілік те жеке басқарушы компанияларға жүктеледі деп есептейді сарапшылар.

 «Жинақтарды басқарудың бірден-бір жолы – жинақ кассаларындағы жинақ кітапшаларындағы салымдар болған, ал зейнетақыны еңбек өтіліне қарай мемлекет төлейтін өткен кеңестік кезеңнің әсері әлі де зор. Қазақстанның қор нарығына небәрі 30 жыл толды, жинақтарды басқару және қоғамға инвестициялау мәдениетін дамыту үшін көп уақыт қажет», – деп түйіндеді Halyk Finance төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ оқыңыз