Журналистер Владимир мен Наргиз Северныйлар бопсалау фактісі бойынша бас бостандығынан айырылды
Алматыда бопсалау фактісі бойынша сотталған 2 журналист 7 және 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Наргиз Севернаяның жазасы кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты 5 жылға шегерілді.
Белгілі болғандай, сотталғандардың бірі Владимир Северный бопсалау мақсатында «Берекет Ф» ЖШС басшысы Фаталиевті қаралайтын мақалалар сериясын жариялаған. Сәуір айында Алматыдағы мейрамханалардың бірінде Владимир мен Наргиз Северный Фаталиевтен «Берекет Ф» ЖШС-ға қатысты жағымсыз материалдарды жариялауды тоқтату үшін 15 млн теңге талап еткен. Олар Фаталиевтен 5 млн теңге бопсалап тұрған сәтте ұсталған.
2019 жылғы маусымда Наргиз Северная әлеуметтік желіге Алматыдағы кофеханалардың бірі туралы жағымсыз материал жазған. Ол мақаланы газетке жарияламау үшін кофехана басшысы Дмитрий Дремасовтан 500 мың теңге талап еткен. Біршама уақыттан кейін бопсалаушы жәбірленушіден 200 мың теңге алған.
Прокурор соттан Владимир мен Наргиз Северныйды ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 4-бөлігі 2-тармағы – «Адамдар тобының алдын-ала сөз байласуы арқылы аса ірі мөлшерде ақша бопсалау» бойынша айыпты деп тануды сұрап, әрқайсын 11 жылдан бас бостандығынан айыруды талап етті.
«Жәбірленуші Дмитрий Дремасов прокурордың ұстанымын қолдады, ал жәбірленуші Фаталиев жаза тағайындауды соттың қарауына қалдырды. Сотталушылар Владимир мен Наргиз Северный кінәларын мойындамай, ақтауды сұрады», – делінді мамандандырылған ауданаралық соттың хабарламасында.
Владимир Северный бопсалау фактісі бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Наргиз Северная да алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде адамдар тобының құрамында бірнеше рет бопсалау фактісі бойынша кінәлі деп танылды.
«Сотталушы Н. 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты оның жазасы 5 жылға шегерілді», – деп нақтыланды соттың хабарламасында.
27 сәуірде бұрынғы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі журналист Владимир Северный мен Наргиз Севернаяның ұсталуы олардың кәсіби қызметімен байланысты емес екенін мәлімдеді.