Жаңалықтар

Соңғы екі аптада кәріз құдығына құлап екі бала қайтыс болған – Балалар омбудсмені кәріз құдықтарын ашық қалдырғаны үшін әкімдерді жазалауға шақырды

люк
Екі апат ішінде кәріз құдығына құлап екі бала қайтыс болды /Фото: shutterstock

Балалар омбудсмені Динара Зәкиева екі апта ішінде ашық тұрған кәріз құдығына түсіп екі баланың қайтыс болуына қатысты өз пікірін білдірді. Ол кәріз құдықтарын ашық қалдырғаны үшін әкімдерді жазалау қажет деп санайды.

«Екі апта ішінде Қызылорда мен Түркістан облыстарында кәріз құдықтарына түсіп кетіп, екі бала қайтыс болды. Екі жағдайда да люктер әкімдіктерге тиесілі болған.
Инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген және балалардың өліміне әкеп соқтырған салғырттыққа жол берген жауапты қызметкерлерді тексеріп, жауапкершілікке тарту қажет деп есептеймін. Осы салаға жетекшілік ететін жергілікті атқарушы органдардың басшыларын, осы аудан әкімдерін де жауапкершілікке тарту қажет», –
деп жазды ол өзінің әлеуметтік парақшасында.

Ол сонымен брге осы мәселемен әуілетті органдарға жүгінгенін жеткізді. Сонымен бірге тамыз айында осы мәселеге қатысты арнайы жиын өтіп, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары тиісті тапсырмалар бергенін хабарлады. Ол кезде барлық өңірде волонтерлер арнайы рейд өткізіп, ашық құдықтарды тексеріп шыққан.

Еске сала кетсек, 1 желтоқсан күні Түркістан облысында 2019 жылы туған баланың жоғалғаны туралы хабарланды. 3 желтоқсан күні баланың мәйіті көрші үйдің кәріз құдығынан табылды.

Қызылорда облысында да дәл осындай жағдай екі апта бұрын қайталанған. 25 қараша күні 8 жасар бала ашық тұрған кәріз құдығына құлап кетіп қайтыс болды. Бұл екі жағдайда да құдық әкімдікке тиесілі болған.

Ал 11 маусымда Қостанай облысында екі жасар бала ашық тұрған құдыққа құлап, қайтыс болды.