Қазақстан математика және жаратылыстану пәндері бойынша ТОП-50 елдің қатарына кірді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.
Қазір ғана кезекті PISA рейтингінің нәтижелері жарияланды. Өздеріңіз білетіндей, бұл білім сапасын бағалайтын маңызды халықаралық жүйе. Министр еліміз математика және жаратылыстану пәндері бойынша ТОП-50 елдің тізіміне кіргенін айтты.
«Жаратылыстану пәнінен көрсеткіштер 26 балға артып, математика мен оқу сауаттылығы бойынша өткен нәтижелер сақталған. Бұл жерде мектептеріміздің рөлін ерекше атап өткен жөн», – деді Ғани Бейсембаев.
Оның айтуынша, Қазақстанда қала мен ауылдық жерлерде тұратын оқушылар арасындағы білім сапасының көрсеткіштеріндегі айырмашылық азайып келе жатыр. Жалпы, 81 елдің ішінде Қазақстан математикадан 46-орынды (2018 жылы 54), оқудан – 61-орынды (2018 жылы 69), жаратылыстану пәнінен – 49-орынды (2018 жылы 69) иеленген.
Programme for International Student Assessment немесе PISA-әлемнің әртүрлі елдеріндегі оқушылардың функционалдық сауаттылығын бағалайтын тест. Үш жылда бір рет өтеді. Тестке 15 жастағы жасөспірімдер қатысады.