Бейне

Жасыл облигациялар шығарудың жаңа тәжірибесі әрбір қатысушы үшін маңызды болды – Әсем Кенжебек

Әсем Кенжебекпен сұхбат/ alkaral_bio инстаграм парақшасындағы видеодан скриншот

Қараша айында «Фридом Финанс» АҚ KASE-де «Black Biotechnology» (BBT) ЖШС-нің үш жылдық жасыл облигацияларын орналастырды. «Black Biotechnology» (BBT) – Al Karal брендімен органикалық тыңайтқыштар және жем қоспаларын шығаратын компания. Жалпы шығарылған облигациялар көлемі 2 млрд теңге болды. ВВТ облигациялары бойынша купондық сыйақы жылына екі рет жылдық 21,5%-бен төленеді. Бұл пайыздық мөлшерлеме облигацияның 3 жылдық айналымына бекітілген. Купондық сыйақының мөлшерлемесіне «Даму» кәсіпкерлерді дамыту қоры» АҚ қаржы береді, жылдық 15,5% мөлшері «Даму» қоры арқылы ал қалған жылдық 6%-ды эмитент төлейтін болады. «Курсив» Al Karal брендінің негізін қалаушы Әсем Кенжебекпен сұхбаттасты.

–  Black Biotechnology облигацияларын орналастыру кезінде сұраныс бірден ұсыныстан асып түсті, ұсыныс 1 млрд теңге болды, ал берілген өтініш бір жарым млрд теңгеге жасалды. Сіз осылай болатынын білдіңіз бе?

– Бұл ақпарат тек Freedom Finance андеррайтері бойынша ғана, олар 75%-ын орналастырған. Жалпы біз 2 млрд теңгеге орналастырдық. Мәмілеге Halyk Finance және BCC Invest қатысты. Біз «Фридом» 1 млрд теңгеге, ал қалғанын басқа брокерлер орналастырады деп келіскенбіз.

«Фридом» бірінші болып KASE-дегі сауда-саттыққа шығарды және ұсынылған миллиардтан өтініш 1,5 млрд теңгеге жетті. Осыдан кейін олар бізге хабарласып сұратылып отырған көлемді қанағаттандыра аласыздар ма деп сұрады. Біз, әрине, келістік. Ақыр-соңында бірінші күні көлемінің 75%-ын шығардық.

–  Қазақстан алғаш рет жасыл облигациялар 2020 жылы саудаға шығарылды. Олар жаңартылатын энергия көздерін қаржыландырумен байланысты болды. Энергияға тариф арзан кезде, салым жасаудың оңтайлы тәсілі болып саналмаса да, сол кезде облигациялар жарты сағат ішінде сатылып кеткен еді. Сұраныстың бұлайша артуына не себеп және тағы да сол жағдай қайталанып жатыр деп ойлайсыз ба?

–  Қалай болғанда да сіз келтіріп отырған мысалдармен біздің жағдайды салыстыруға келмес. Егер KASE сайтындағы жасыл облигациялар эмитенттерінің тізімін қарайтын болсаңыз, мемлекетке «байланған» институционал деп аталатын ірі ойыншыларды көресіз. Егер корпоративтік бизнес жайлы айтатын болсақ, онда, меніңше, бізге дейін екі апта бұрын Маңғышылақта жел станцияларымен айналысатын бір компания жасыл облигацияларын орналастырған. Алайда ол жабық өтті, соған қарағанда сатып алушылары болған сияқты, бірақ та егжей-тегжейін білмеймін. Ал біз екінші болып қатыстық. Біздің брокерлер нарық нақты сектордың жобаларын қалағанын айтып отыр. Өйткені сауда-саттыққа шығарылған облигациялардың барлығы – мемлекеттік немесе көбіне микроқаржылық ұйымдар, құрылыс болды. Ал ашылғанына бар-жоғы үш жыл ғана болған жоба, оның ішінде өндірісі бар, тіпті ESG элементімен, биотехнологиясы бар, оған қоса өз өнімін экспорттаушы нақты сектор – бұл мүлде бірінші рет болып тұрған кейс. Бизнесті ESG-облигациялары арқылы қолдау идеясын Алматы қаласының қазіргі әкімі Ерболат Досаев Ұлттық банк төрағасы болып тұрған кезде бастаған болатын. Ал қазір осы жоба Алматыда жүзеге асып жатыр және мәміле барысында бізді Алматы ӘКК-сі қолдады, себебі біздің өндірісіміз осы жерде орналасқан. Бұл – шағын және орта бизнесті қолдаудағы батыл қадам. Бұған қоса ӘКК нарыққа кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа мүмкіндіктерін көрсетті.

–  Жасыл облигацияларға деген мұндай қызығушылық, ең бірінші, сауатты қаржылық ұсыныспен байланысты ма? Яғни сыйақы мөлшерлемесін ұлттық дамыту институтының субсидиялауы және негізгі қарызды төлеу бойынша ынтымақты кепілдіктің болуы үйлесті ме? Жалпы әлеуметтік фактор мен жауапты қаржыландыру мәселесі қатар жүретін шығар?

– Біздің жағдайда әлеуметтік фактор нағыз керек болды деп ойлаймын. Себебі облигацияларды сатып алушылардың 50%-дан астамы жеке тұлғалар болды. Андеррайтеріміз айтқандай, барлығына әңгіме нақты биотехнологияға қатысты болғаны, оның ESG екені, елімізде жасыл мәселелер күн тәртібіне шыға бастағаны ұнаған.

–  Бір жыл бұрын KASE арнайы ESG-конференция өткізді. Онда негізінен, институционалды ортаның жетіспеуі, білімнің аздығы, реттеуші тетіктердің және бірыңғай жүйенің жоқтығы, дәстүрлі энергетика мен өндіруші өнеркәсіпке назар аудару, сондай-ақ экономикалық ынталандырудың, эмитенттердің қызығушылығының аз болуы сияқты тиісті тәжірибені енгізудегі кедергілер сөз болды. Сіздің бизнесіңіз үшін не кедергі?

–  Сіз конференцияны еске алғанда, мен екі жыл бұрын «Курсивке» біздің елде биотехнологияны қалай дамытуға болатыны жайлы сұхбат бергенім есіме түсіп отыр. Менің ойымша, біз осы салада бірінші қадам жасағандар болып қала береміз. Бүгінгі күні биржа үшін бұл бірінші жасыл бонд емес екені түсінікті, дегенмен шағын және орта бизнес арасында бұл тек әлі екінші мәміле. Біз андеррайтерлерге де, ӘКК үшін де, сондай-ақ «Даму» мен биржа үшін де пилоттық жобалардың бірі болдық. Осы өнімді бізде сынап көріп жатқанын жақсы түсіндік. Біздің қаржылық блок capital markets құралын білетін бұрынғы корпоративтік банкирлерден тұрады, ұтымды тұсымыз да сол.

Мәміленің әр қатысушымен әр кезеңде осы немесе басқа талаптың қайдан шығып отырғанын жақсы біліп отырдық. Мысалы, ҚНРДА-да келісім жасағанда. Сонымен қатар біздің ESG жасыл облигациялар пилоттық жобамызға сapital markets-те үлкен тәжірибесі бар сарапшылар -White&Case заңгерлерінің қосылғанын да атап кету керек. Жасыл облигациялар шығарудың жаңа тәжірибесі әрбір қатысушы үшін маңызды болды. Біз үшін бұл қиын болған жоқ, тек «Дамудан» мемлекеттік қолдау мен эмитент ретінде үш жыл бойы теңгеде төмен пайыздық мөлшерлемені алу жолындағы процесті жүріп өту керек болды. Бұл бизнесті дамыту үшін керемет жағдай екенін барлығы біледі. Осы орналастырудан кейін, бизнесмендердің қоңырауының астында қалдым, олар бұл құралдың шынымен жұмыс істейтініне таңданыстарын жасырмады. Ірі бизнесмендермен кездесу барысында маған көп сұрақ қойып, тәжірибемен бөлісуімді сұрап жатады, меніңше, бұл жақсы көрсеткіш. Тап сол Алматы ӘКК-сы өзінің өңірлік кәсіпкерлерін қолдау кепілі түрінде жаңа өнімді әзірледі. Алматы ӘКК еліміздегі барлық ӘКК ішінде көшбасшы екенін атап кету керек, олар нарыққа осындай құралдар бар екенін таныта білді.

Кедергілерге келер болсақ, осыған дейін бірнеше жыл бұрын мемлекеттік бюрократия мен ветеринарлық қызмет тарапынан кедергілерге тап болдық. Бірақ дәл осы айда бізге Алматы прокуратурасынан телефон соғып, мемлекет басшысы прокуратураға инвестициялық жобаларға мемлекеттік кедергі болмауы үшін қадағалауды бұйырғанын айтты.

–  Бұл нақты биотехнологияларға қатысты ма?

–  Жоқ, кез келген инвестицияны. Бұл – елдің инвестициялық ахуалына қатысты мәселе. Инвесторлар көбінесе мемлекеттік бюрократия деңгейіндегі процестерде тұрып қалады. Бізді мемлекеттік органдардың бірі Астана мен Алматының арасында бір жылға жуық сандалтып қойған жағдай болды, ешкім жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмеді. Алғашқы кездесуде бұл мәселені Алмалы ауданының прокурорларына, кураторларымызға айттық. Айтпақшы, олар жиынға формамен келіп, видеоға түсіріп, ең бастысы, осыдан кейін бір аптаның ішінде мәселеміз шешілді. Ал қазір инвесторларға мемлекеттік қолдаудың жаңа құралы екені айтып жүрмін. Басқа жерлерді білмеймін, Алмалы ауданы прокуратурасында солай.

–   Жақсы, биотехнология мен прокуратураның үйлесуі жаман емес. Ал, шын мәнінде, ESG негізгі принциптерінің бірі – инвестициялық шешімдерді қабылдаудағы қаржылық емес көрсеткіштердің рөлі, яғни мәні бойынша экономикаға этиканың араласуы. Мұндай жағдайларда инвестицияны толық алмау  қаупі әрқашан жоғары болады. Инвесторларда қажетті барлық ақпарат әлі жоқ, ал жасыл облигациялар солардың бірі. Сіз мұнымен, ашықтықты арттырумен қалай күресіп жатырсыз?  

–  Өте дұрыс. Ашықтық – бұл бизнестің ESG бағытында дамудағы басты кедергі. Априори қор биржасындағы кез келген эмиссия толық ашықтықты талап етеді. Алайда  биржаның өзінен қойылатын қатаң талаптардан басқа, бізден жыл сайын корпоративтік, сіз айтқандай, этикаға негізделген ESG тексеруін растау қажет. Бұл біздің corporate governance шеңберінде шығарған және орындауға тиісті көп құжаттар саны. Мысалы, біз қоршаған ортаға зиян тигізетін нәрсеге ақша жұмсай алмаймыз. Инвесторға мұндай компаниялар туралы шешім қабылдау оңайырақ болды – өйткені ол қазір бақылау барлық жағынан келетінін түсінеді. Мысалы, бізді қор биржасы, ESG аудиторлары, Алматы ӘКК, «Даму», сосын облигация ұстаушының өкілі бақылайды – бізде кем дегенде бес орган бар, олар өздерінің ішкі стандарттарына байланысты (кейбіреулері жылына бір рет, кейбірі алты ай, ал кейбіреулері ай сайын) – талаптардың сақталуын бақылайды.

–  Ашықтық туралы мәселесінің жалғасы ретінде сіз айналысатын тұрақты егіншілік жайлы айтып берсеңіз.

–  Бұл тұрақты ауыл шаруашылығы ғана емес, ол мал шаруашылығы да, біз жалпы агросектормен айналысамыз. Біздің өнімдеріміз – таза органикалық заттар. Мал шаруашылығы тұрғысынан алғанда, ет болсын, сүт болсын, өнімнің сапасын жақсартамыз: өнімділікті арттырамыз, антибиотиктерді алып тастаймыз, малдың денсаулығын сақтауға көмектесеміз. Бір сөзбен айтқанда, біз барлық маңызды әлемдік трендке – ұлт денсаулығына, азық-түлік қауіпсіздігіне, etc органикалық дамуға, т.б. жұмыс істейміз.  Шаруашылық тұрғысына алып қарайтын болсақ, биыл тоғыз облыста 20 мың гектар алқапта бақша дақылдары, мақта және күріш өсірушілерден бастап, дәнді дақылдар, соя және қызылшаға дейін тұтынушыларымызбен тәжірибелер жүргіздік. Тәжірибелердің 90%-дан астамы шығымдылықтың 10-нан 30% -ға дейін жоғарылауын, сонымен қатар аяз немесе ыстық болсын, әртүрлі климаттық жағдайларда стресске төзімділікті растады. Тағы бір маңыздысы, қауын өсірушілеріміз өнімді он күн бұрын алған, бұл басқа баға. Ең бастысы, барлық токсиметр біздің органикалық тыңайтқышпен өсірілген қарбыз бен қауынның нормасын көрсетті. Яғни, қазір олар өз өнімдерін органикалық түрде сатады.

–  ESG – күрделі ұғым және жасыл облигациялардан басқа әлеуметтік бондтар да бар. Егер бұрын жасылдар басым болса, мысалы, пандемия кезінде әлемнің екпіні Е-ден S-ге, яғни әлеуметтік облигацияларға ауысты. Қалай ойлайсыз, олар бәсекелесе ме?

–  Жоқ бәсекелеспейді деп ойлаймын. Бізге жасыл облигациялардың емес, сол әлеуметтік бондтардың жолымен оңай жүруге болатын еді, яғни ұлттық денсаулық, азық-түлік қауіпсіздігі және аграрлық сектор тақырыбын дамыту. Бірақ біз social емес, green-ді таңдадық, өйткені әлемде бөлінетін ақшаның ең күшті тенденциясы – бұл green money. Бұл өте көп ақша, атап айтқанда, біздің мәмілемізден кейін бізге халықаралық жасыл қорлардан сіздерге ақша керек емес пе деген сұраныстар келіп түсті. Бұл – компанияның даму әлеуеті мен инвестициялық стратегиясы тұрғысынан маңызды қадам. Өйткені шетелдіктер қалай көреді? Егер жергілікті инвесторлар, соның ішінде биржа сізге сенетін болса, бұл шетелдік инвесторларға мұндай жобаларды қаржыландыру туралы шешім қабылдау әлдеқайда жеңіл болады деген сөз. Бұл дәл сол helicopter view. Меніңше, жергілікті бизнесмендер мұны жиі қолдан жіберіп алатын сияқты, яғни ақшаның арзандығынан бөлек, мұндай облигацияларды орналастырған кезде жағдайға аздап көрегендікпен қарау керек сияқты. Бұл сыртқы инвесторларды тартуға үлкен артықшылық береді.

–  ESG, анықтамасы бойынша ұзақ ойын, бірақ бұл салаға сын тек қана артып келе жатқанын ескеру керек. BlackRock-тен келген сол Ларри Финк саяси алыпсатарлықтардың көптігіне байланысты бұл терминді қолданудан бас тартты. Қалай болғанда да, алдағы жылдары Қазақстанда жасыл экономика қалай дамиды?

–  Бір жағынан, бізде биоэкономиканы дамыту қажет орасан зор ресурстары бар аграрлық елдің әлеуеті бар. Екінші жағынан, бізде тау-кен өндіруші компаниялар көп екенін ұмытпағанымыз жөн. Бір қызығы, биылғы жылы елімізде жұмыс істейтін ірі шетелдік мұнай компанияларының бірі бізді шорт-тізімге енгізді, өйткені біздің тыңайтқыштар топырақтағы көміртегі деңгейін арттырады. Мұндай компанияларда офсеттік мәселе деп аталатын экологиялық талаптар бар және біздің өнімдер ауылшаруашылық саласын ілгерілетумен қатар, біздің тау-кен компанияларына көміртегінің орнын толтыру жөніндегі міндеттемелерін орындауға көмектесетіні белгілі болды.

–  Саяси жағдай, атап айтқанда, ресейлік тыңайтқыштарды экспорттауға салынған санкциялар сіздің бизнесіңізге әсер етті ме?

–  Жоқ, бұл жағдайдың бізге еш қатысы жоқ, өйткені санкциялар тізімі бірінші кезекте химиялық тыңайтқыштарды ескереді. Біздің өнімдер органикалық және бұл бізге ешқандай қатысы жоқ.