Жаңалықтар

Кеңес Рақышев иелік ететін Fincraft Group биыл дивиденд төлемейтін болды

Фото: kursiv.media

Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің қатарындағы Кеңес Рақышев иелік ететін Fincraft Group 2023 жылдың 9 айындағы таза кірісін бөлмейтін болды. Бұл шешімді компанияның жалғыз қатысушысы шығарған.

Қор биржасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, ол Fincraft Group компаниясының шоғырландырылған аралық қаржы есебін бекітіп, 9 айдағы таза пайданы бөлмеу және дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдаған.

Кеңес Рақышев топ құрамындағы «Fincraft Resources» АҚ арқылы BMT Holding Limited жеке компаниясы (100%), «SAT Nikel» ЖШС (100%), «Ертіс ферроникель комбинаты» ЖШС (93,4%), SAT Petrochemicals (100%), «Центрально-Азиатская инвестиционно-консалтинговая компания» ЖШС (99,9%) компанияларына иелік етеді.  Сонымен қатар қыркүйек айында Кеңес Рақышевқа тиесілі компания мұнай-газ өндіретін «ARK Petroleum» ЖШС-нің 50% үлесін иеленетіні белгілі болды.

Биыл тамызда инвестиция нарығының ойыншылары қатарынан Рақышевтің Fincraft инвестициялық үйі шығып қалды. Компания брокерлік-дилерлік қызмет пен инвестициялық портфельді басқаруға рұқсат беретін лицензиясы тоқтатылғаны туралы хабардар етті. Fincraft ең ірі басқарушы он компанияның қатарында болатын – ашық көздердегі соңғы статистикалық деректерге сай, компания активтері 11,3 млрд теңгені құраған.