Қазан айында Қазақстан қор биржасында акциялармен сауда-саттық 55,4 пайызға азайған
Қазан айында KASE-де акциялармен сауда-саттық көлемі 55,4 пайызға немесе 33,9 млрд теңгеге азайып, 27,2 млрд теңгені құраған. Оған негізінен «Қазақтелеком» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ акцияларымен сауда-саттық көлемінің төмендеуі себеп.
Жалпы қор нарығын капиталдандыру 2023 жылғы қазан айында 668,3 млрд теңгеге немесе 1,6%-ға азайған. Қараша жағдай бойынша 40,1 трлн теңгені құрады. ҚНРДА валюта нарығының жай-күйі шолуында 2023 жылдың басынан бері қор нарығы капиталы 12,5%-ға өскенін жазады.
Акциялар нарығын капиталдандыру негізінен индекс кұрамындағы компаниялар акциялары бағасының төмендеуі есебінен 2,6%-ға кеміген. Яғни бір айда 706,3 млрд теңгеге азайып, 26,3 трлн теңгені құраған. Дегенмен жыл басынан 24,1% өсім көрсеткен.
KASE индексі жыл басынан бері 24 пайызға өскенімен, 2023 жылғы қазан айында 4 035,1 тармаққа дейін 1,7%-ға төмендеген. 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ сауда тізімдерінде 84 эмитенттің 99 түрлі акциясы болды.
Корпоративтік облигациялар нарығы 2023 жылғы қазанда 0,3%-ға немесе 38,0 млрд теңгеге 13,8 трлн теңгеге дейін жетті. Қазан айында корпоративтік облигациялар бастапқы нарығының көлемі 20,3 млрд теңгені құрады, бұл алдыңғы аймен салыстырғанда 95,4%-ға немесе 420,8 млрд теңгеге аз.
2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша KASE сауда-саттық тізімдерінде 95 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 383 шығарылымы болған. Осы корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 83,1%-ға немесе 434,2 млрд теңгеге 88,4 млрд теңгеге дейін азайды.
«KASE Global» секторында жағдай қандай?
«KASE Global» секторында 45 түрлі акция және шетелдік эмитенттің 9 ETF акциялары болды. «KASE Global» секторындағы сауда-саттық көлемі бір айда 12,5%-ға немесе 0,3 млрд теңгеге ұлғайып, 2023 жылғы қазанда 3,1 млрд теңгені құрады.
KASE-де саудаланатын мемлекеттік борыш 2023 жылғы қазанда 26,3 трлн теңгеге дейін 3,2%-ға немесе 821,2 млрд теңгеге ұлғайды.
2023 жылғы қазан айының қорытындысы бойынша KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен жиынтық сауда-саттық көлемі бір айда 3,5%-ға немесе 16,4 млрд теңгеге азайып, 456,8 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 6,3%-ға немесе 10,9 млрд теңгеге ұлғайып, 183,6 млрд теңгені құрады
2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша ұжымдық инвестициялар нарығында 50 инвестициялық пай қоры жұмыс істеді, оның ішінде 25 аралық, 24 жабық және 1 ашық пай қоры бар.
Ұжымдық инвестициялар нарығында басқарудағы активтер негізінен ҚР эмитенттерінің (1,7 млрд теңгеге немесе 0,9%-ға) және шетелдік эмитенттердің (2,8 млрд теңгеге немесе 7,7%-ға) мемлекеттік емес бағалы қағаздар портфелінің төмендеуі есебінен 8,8 млрд теңгеге немесе 2,9%-ға азайып, 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 291,0 млрд теңгені құраған.
2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша бағалы қағаздар портфелі 253,1 млрд теңгені немесе инвестициялық пай қорларының жиынтық активтерінің 87,0%-ын құрады.
Бағалы қағаздар нарығының институционалдық құрылымында 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 39 брокер мен дилер (16 банк және 23 банктік емес ұйым), 11 кастодиан банк, 21 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ 3 инфрақұрылымдық ұйым: KASE, KASE клирингтік орталығы және бірыңғай тіркеуші және сауда репозиторийі функцияларын орындайтын Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі жұмыс істейді.