Ұлттық қордың 9 айдағы инвестициялық табысы 1,8 трлн теңгені құрады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

2023 жылдың қаңтар- қыркүйек айларында Ұлттық қорға жалпы көлемі 6,2 трлн теңге түсім түскен. Соның ішінде қордың жыл басынан бергі инвестициялық табысы 1,8 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Қаржы министрлігінің есебінде жазылған.

Министрлік мәліметіне сәйкес, есепті кезеңнің басында Ұлттық қорда 26,8 трлн теңге қаражат болған. Қазіргі кезде оның көлемі 29 трлн теңгеге жетер-жетпес.

Ұлттық қорға қанша түсім түсті?

2023 жылдың 9 айында қорға 6,2 трлн теңге түсім түскен. Соның 4,4 трлн теңгесі – мұнай секторы ұйымдарынан алынатын тікелей салық. Жыл басынан бері қорға 1,8 трлн теңге көлемінде инвестициялық табыс түскен. Одан бөлек, мұнай компаниялары жүзеге асыратын операциялардан, республикалық меншікті жекешелендіруден түскен түсім бар.

Шығыс қандай?

Жыл басынан бері қорға 6,2 трлн теңге түскенімен, алған қаражатымызда аз болмаған. Биыл Ұлттық қордан 3,97 трлн теңге алынған. Оның 2,2 трлн теңгесі бюджетке кепілдік берілген трансферттер болса, 1,8 трлн теңгесі – мақсатты трансферт. Қорды басқаруға және жыл сайынғы сыртқы аудитті жүргізуге кеткен шығын 49,3 млрд теңге.

Мемлекет басшысы биыл сәур айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық қорға жармаса беруді доғару керек деген болатын. Президент бұл туралы осыған дейін де талай рет айтқанын еске салды.

«Ұлттық қор – болашақ ұрпақтың қаражаты. Біз оның ресурстарын тек қажет жағдайда, дағдарыс кезеңінде пайдалануымыз керек», – деді Президент.

2030 жылға қарай қорда 100 миллиард АҚШ долларын жинақтау мақсаты қойылған.

Алайда Үкімет жыл сайын бюджеттің жыртығын жамауға қордан қаражат алуын қоймай келеді. Сарапшылардың бағалауынша, кейінгі 7 жылда қор қаржысы 22 пайызға азайған.

Ұлттық қордың инвестициялық табысы балаларға қалай бөлінеді?

2024 жылы 1 қаңтардан Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады. 

Жобаны президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. 16 қарашада парламент заңды қабылдап, Президентке жіберіп, мемлекет басшысы қол қойды.

Жобаға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық табысының 50%-ы арнайы шотқа жіберіледі. Бұл шоттағы ақшаны балалар тек кәмелеттік жасқа толғанда ғана ала алады. Ақшаны алу үшін ата-аналарға шот ашудың қажеті жоқ. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жобаға қатысуға 9 банк өтініш бергенін, олардың барлығы арқылы ақша алу мүмкіндігі болатынын айтқан еді.

Балалар шешіп алғанға дейін ақша доллармен сақталып, Ұлттық қор шешімімен инвестицияланып, табыс әкеліп отыруға тиіс. Жоба аясында алған қаржыны оқу ақысын төлеуге немесе тұрғын үй алуға жұмсауға болады. Ата-аналар баласының шотына түсетін қаржыны БЖЗҚ немесе еGov арқылы тексеріп отыра алады.

2024 жылы 18 жасқа толатын балалар «Ұлттық қор – балаларға» жобасынан қаржыны 1 ақпаннан кейін ала алады.  

Алдын ала болжам бойынша, 2024 жылы 18 жасқа толатын азаматтар бір жыл үшін $160–170 алады. Ал биыл дүниеге келген балалар 18 жасқа толғанда, $3,5 мың алуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз