Ұлттық валютаны қолдайтын факторлар аз: теңге қайта құнсыздана ма?
Ұлттық қордан сатылатын валютаның азаюы теңге бағамына кері әсер етуі мүмкін. Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары өткен айда теңгеге Ұлттық қордан сатылған валюта көлемі үлкен қолдау көрсеткенін айтады.
Қараша айында Ұлттық банк қордан 1,32 млрд доллар көлемінде валюта сатқаны белгілі. Бұл – КASE-дегі сауда-саттықтың үштен бір бөлігіне тең еді.
Енді желтоқсан айында Ұлттық қордан 600-700 млн доллар сату жоспарланған. Осы орайда, қаржыгерлер теңге Ұлттық қор көрсетіп отырған қолдаудан айырылатынын айтады. Қаражат айырбастау көлемінің азаюы теңгеге қосымша қысым көрсетуі ықтимал.
«Дүйсенбі күнгі сауда нәтижесінде USD/KZT жұбының орташа сараланған бағамы 1 долларға 461,38 теңгеге (+1,01 теңге) дейін өсті. Бұл ретте сауда-саттық көлемі жыл басынан бері орташа күндік деңгейде қалып, 140,3 млн долларды құрады. Ұлттық валютаның әлсіреуі мұнай бағасының төмендеуі және доллар индексінің өсуі (+0,6%) аясында орын алғанын атап өтейік»,– делінген ҚҚҚ талдауында.
Ұлттық Банк Қаржы министрлігінің агенті ретінде валюта нарығында ай сайын екі бағытта операция жүзеге асырады: Ұлттық қордан шетел валютасын сатады және БЖЗҚ және Қазақстан депозиттерге кепілдік беру қорының валюта активтерінің қажетті үлесін сақтау үшін оны сатып алады.
Қыркүйек айында Үкімет шешімімен Ұлттық қорға республикалық бюджетті қаржыландыру үшін ҚМГ акцияларын нарықтық құнынан жеңілдікпен сатып алуға рұқсат етілген еді.
Содан кейін Ұлттық банк «ҚазМұнайГаз» акцияларын нарықтық бағадан арзандау сатып алу үшін Ұлттық қордан валюта сата бастады. Ол айда Ұлттық қордан 1,5 млрд АҚШ доллары сатылған. Ал қараша айында сатылған валюта көлемі 1,32 млрд долларды құрады.