Жаңалықтар

Ресейде түсірілген «Слова пацана» сериалын Қазақстанда көрсетуге тыйым сала ма, министрлер не дейді?

сериал
«Слово пацана» сериалынан кадрлар; shutterstock

Қазақстанның бір емес, екі министрі Ресейде түсірілген «Слова пацана» сериалына қатысты сұраққа жауап берді.

Журналистер 1980 жылдардың соңында құрылған Қазан жастарының қылмыстық тобына қатысты сериал Қазақстандағы жасөспірімдердің қызығушылығын туғызып жатқанын алға тартып, Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі бұл фильмді Қазақстанда көрсетуге тыйым салу бастамасын көтере ме деп сұрады.

«Ресей Федерациясында бірнеше мәлімдеме жасалды. Қазір мәселені зерттеп жатырмыз. Мерзімінен бұрын қорытынды жасағымыз келмейді. Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрілігінің сарапшылары бірлесіп жұмыс істеуде. Қажет болса, қандай да бір шешім қабылдануы мүмкін. Қазір ешқандай дүрбелең көріп отырған жоқпыз», – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы екенін мәлімдеді.

«Оқу-ағарту министрлігі және жеке өзім зорлық-зомбылықтың барлық түріне қарсымыз. Сондықтан төзбеушілік принципі болуы керек. Өздеріңіз білесіздер, сериалды шығарушы ел оған тыйым салу мәселесін қарастырып жатыр. Мектепте зорлық-зомбылық болмауы керек, мұндай туынды елімізде көрсетілмеуі керек», – деді Ғани Бейсембаев.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балаларын бақылауда ұстауға, қылмысты насихаттайтын сериалды көруге шектеу қоюға шақырған. Бұған «Слова пацана» сериалының Қазақстанның оқушыларына кері әсер етіп жатқаны, оқушылар арасында жаппай төбелестің жиілеп кетуі себеп болған.

Қазан айының соңында Ақтауда жаппай төбелеске қатысқан 76 жасөспірім ұсталды. 29 қарашада Алматы облысы Іле ауданында 9-10 сынып оқушылары бір-бірін аяусыз соққыға жықты.

Ресейлік «Слова пацана» сериалы 9 қарашадан бастап көрсетіліп жатыр. ҚР Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, сериал қылмыстық романтиканы насихаттайды. Зорлық-зомбылық, алкоголь, арсыздық пен заң бұзушылық көрсетілетін кинотуындының негізгі сюжеті мектеп оқушыларын қамтиды.