Жол сапасын қорғау мақсатында Астанаға кіретін жүк көліктерінің cалмағы өлшенеді

Жарияланды
Жүк көліктерінің салмағы өлшенеді / shutterstock және gov.kz

Қазан айында елорданың 6 негізгі кіреберісіне жүк көліктерінің салмағын өлшейтін станция орнату ісі қолға алынды. Жалпы, болашақта әкімдіктер жергілікті жолдарға – 150, Көлік министрлігі республикалық маңызы бар жолдарға – 70-ке жуық жүк көліктерінің cалмағын өлшеу станцияларын орнатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев мәлімдеді.

«Астанаға кіретін барлық жүк көлігі автоматты түрде өлшенеді», – деді сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз етуде жүк көліктерін бақылаудың маңызы зор.

«Қазіргі уақытта 43 жылжымалы бақылау бекетінің күшімен 157 мың шақырымды құрайтын автомобиль жолы бақыланады. Бір бекетке 5 мың шақырым автожол жүктелген. Өткен жылдың желтоқсан айында автоматтандырылған өлшеу станцияларының жұмыс тәртібін реттейтін заң қабылданды. Заңның кейбір нормалары 2024 жылы күшіне енеді. Заңда әкімдіктерге жергілікті автожолдарда өлшеу станцияларын орнату өкілеттігі берілген», – деді Сәтжан Аблалиев.

Оның айтуынша, жүк көтеру мүмкіндігі 12 тоннадан асатын барлық автокөлік құралы міндетті түрде салмақ өлшеуден өтуге тиіс.

«Құқық бұзушыларды инспекция шақырып, айыппұл салу тәжірибесі тиімсіз және мұның сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар. Осыған байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтың бірыңғай реестрімен интеграциялау арқылы заңға қайшы әрекет еткендерді жазалаудың автоматты түрін іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде», – деді Сәтжан Аблалиев.

Бұған дейін, Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Беларусь ақпаратына сүйеніп, еропалық пунктер жалпы қуатының 40 %-мен ғана жұмыс істеп жатқанын хабарлаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз