Freedom Broker «ҚазАтомӨнеркәсіп» акцияларын сатып алуға кеңес береді

Жарияланды
Freedom Broker «ҚазАтомӨнеркәсіп» акцияларын сатып алуға кеңес береді / shutterstock

Freedom Broker «ҚазАтомӨнеркәсіп» акцияларына қатысты ұсынысын жария етті. Жақында аталған компания 2023 жылдың 3-тоқсанына қатысты қаржы есебін жариялаған болатын.

FreedomBroker сарапшыларының пікірінше, бұл құжат позитивті тұрғыдан жазылғанымен, ондағы нәтижелер ауыз толтырып айтуға келмейді. Өйткені ұлттық атом компаниясы уранның басым бөлігін тек 4-ші тоқсанда сататын болады.

«Жыл қорытындысы бойынша компанияның кірісі 40%, ал дивиденд әр акция үшін 1000 теңгеден жоғары болады деп күтеміз»,– деп жазды FreedomBroker сарапшылары.

Мұндай бағалауға уран бағасының нарықтық құнының өсуі ықпал етіп, сонымен қатар оның саудасына қатысты да оң болжам жасалып отыр.

Осылайша, сарапшылар «ҚазАтомӨнеркәсіп» акциялары KASE-дегі қазіргі бағадан тағы 22%-ға қымбаттап, бір қағаздың құны 22500 теңгеге дейін жетеді деп болжайды.

Осы болжамның негізінде «ҚазАтомӨнеркәсіп» акцияларын «сатып алуға» кеңес беріледі.

27 қарашада компанияның 2023 жылдың III тоқсанындағы қаржы есебі жарияланды. Осы есепке сәйкес, уран бағасы қымбаттағанымен, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының 9 айдағы пайдасы 1,7%-ға азайған.

Жалпы, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акциялары жыл басынан бері өсім көрсетіп, KASE индексін алға сүйреген еді. Қазақстан қор биржасының есебінде KASE индексі 2023 жылдың шілдесінде былтырғы құлдырауын толық жеңіп, кейіннен ұзақ мерзімді өсуді жалғастырғаны жазылған.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК акцияларының 75%-ы «Самұрық-Қазынаға» тиесілі, қалған бағалы қағаздары еркін айналымда: KASE-де 0,67% және Лондон қор биржасында (LSE) 24,33%-ы депозитарлық қолхаттар арқылы айналымда жүр. 

Сондай-ақ оқыңыз