Бензин мен дизель отынын экспорттауға тыйым салу мерзімі тағы алты айға ұзартылды
Бензин мен дизель отынын экспорттауға тыйым салынды /Фото: kursiv.mediа
Қазақстаннан бензин мен дизель отынын экспорттауға тыйым салу мерзімі тағы алты айға ұзартылады. Бұл жайлы Энергетика министрлігі, Ұлттық экономика және Индустрия министрліктері бірлесіп жариялаған бұйрықта айтылған.
«Қазақстан Республикасы аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрыққа сәйкес, 2024 жылдың 14 ақпанынан бастап бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлік құралдарын дайындаушы зауытпен көзделген бензин бактарында әкетуге тыйым салынады.
«Бұл жобаның мақсаты – осы бұйрықтың 1-тармағында көрсетілген тауарларды автомобиль көлік құралдарын дайындаушы зауытта көзделген стандарттарға сәйкес келмейтін бензин бактарында әкету жағдайларына жол бермеу»,- делінген құжатта.
Ал бұйрықтың бірінші тармағында 2709 00, 2710, 2902, 3403, 3811, 3826 00 ЕАЭО СЭҚ ТН кодындағы жанармай мен дизель өнімдерін әкетуге тыйым салынатыны жазылған.
Бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау тиісті бағытқа жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика, қаржы, ішкі істер вице-министрлеріне және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директорына жүктелген.
«2024жылғы 14 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілетін осы бірлескен бұйрықтың 1-тармағын қоспағанда, осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі»,- делінген құжатта.
Еске сала кетсек, мамыр айында бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге алты айға тыйым салынған болатын.