4,7 млн тонна мұнай қоры мен 2,5 млрд текше метр газ қоры бар: Шығыс Өріктау кен орны пайдалануға берілді

Жарияланды
Шығыс Өріктау
Шығыс Өріктау кен орнынан 2024 жылы 89 мың тонна мұнай және 46 млн текше метр газ өндіріледі деп күтілуде / Фото: kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында орналасқан Шығыс Өріктау кен орнын өнеркәсіптік пайдалануға берді. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Шығыс Өріктау кен орны 2015 жылы ашылған. Өндірілетін мұнай қоры – 4,7 млн тонна, мұнайда еріген газ қоры — 2,5 млрд текше метрді құрайды.

Кен орнында күкіртсутек мөлшері 3,5% және одан да көп. Сол себепті де бұл күрделі жоба саналады. Сондай-ақ қолданыстағы мұнай-газ кен орындары қорларының сарқылуы аясында елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызы зор. Ішкі нарықтағы газ тапшылығына байланысты Өріктау жобасының іске асырылуы стратегиялық тұрғыдан алғанда аса маңызды. Кен орнын іске қосу Ақтөбе өңірі үшін тауар және сұйытылған газдың қосымша көлемін алуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда бұл кен орнын «Өріктау Оперейтинг» ЖШС Жақсартылған моделдік келісімшарт шеңберінде игеруге көшкен.

«Бүгін біз еліміздің мұнай-газ саласындағы маңызды оқиға ‒ Шығыс Өріктау кен орнының өнеркәсіптік өндіріске қосылуының куәсі болдық. Осы Шығыс Өріктау кен орнын игеруге қолданылып отырған  «Жақсартылған модельдік келісімшарт» ‒ Мемлекет басшысының шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмысы шеңберінде берілген салық преференцияларын қолдану арқылы мұнай-газ кешеніне инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес  үкіметтің жер қойнауын пайдалану саласында жүргізген реформаларының нәтижесі», – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Серікқали Брекешев.

Шығыс Өріктау кен орнын дамыту барысында қосымша тоғыз пайдалану ұңғымасын бұрғылау жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде мұнай өндіру көлемін жылына 200 мың тоннаға, ал ілеспе газ өндіруді 100 млн текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.

Ал 2024 жылы Шығыс Өріктауда 89 мың тонна мұнай және 46 млн текше метр газ өндіріледі деп күтілуде.

Сонымен бірге Шығыс Өріктауды іске қосу — Орталық Өріктау кен орнын игеруге көмектеседі. Ал Орталық Өріктауда газ конденсатты кен орны және табиғи газдың едәуір қоры бар. Бұл жерден болашақта жылына 1 млрд текше метр көлемінде газ өндіру мүмкіндігі бар. Жобаға шамамен 51 млрд теңгеге инвестиция тартылған.

Сондай-ақ оқыңыз